Жол жөндеу жұмыстары халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға септігін тигізеді.
Ағымдағы жылы облыс бойынша 17,7 шақырым көше жолдарын құрылыспен, 8,0 шақырым қайта жаңғыртумен, 443,8 шақырым жолдарды орта жөндеумен қамту жоспарланған.
Оның ішінде биыл Тараз қаласында жол жөндеу жобаларының саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге дейін артып отыр. Жалпы ұзындығы 61,4 шақырым болатын 95 көше, бұрылыс, тұйық және өткелге орташа жөндеуден өткізілмек.
Сонымен бірге 100 көшеге және 20 тұрғын алқапқа шағал төселіп, жалпы ұзындығы 35,3 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолдары жөнделеді.
Бұдан бөлек, Рысбек батыр, Қойгелді, Асқаров көшелеріндегі жол қайта жаңғыртылады деп күтілуде. Қазіргі таңда 37 көше, бұрылыс, тұйық және өткелде жөндеу жұмыстары басталып, қарқынды жүргізілуде.
Мәселен, «Бұрыл А,Б,В» тұрғын алқабындағы жалпы ұзындығы 33,2 шақырым болатын 75 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. Бүгінге дейін 61 көшеде жұмыстар аяқталды. Биыл қалған 14 көшеге жол төселеді.
– «Бұрыл» алқабының тұрғындары мемлекет шарапатын сезініп отыр. Көшеміз жарық, ауызсу бар. Қала әкімдігі екі қабатты асфальт төселеді деп уәдесін берді. Қазір мердігер мекеме жерді тығыздау жұмыстарын жүргізуде. Жақын арада жаңа жолдың игілігін көретін боламыз. Алғысымыз шексіз, – дейді 82 жастағы Тараз қаласының тұрғыны Бақыт Самыратбеков.
Айта кетейік, биыл Жамбыл облысындағы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 181 жол жөндеу жобасы жүзеге асырылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/991250?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау