Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде таяуда қорытындылатын оқу жылы мен мектеп бітіруші түлектерге арналған мемлекеттік емтихандарды өткізу мәселесі талқыланды.
Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, биыл 11-класты 10 481 түлек тәмәмдайды, ал 15 721 оқушы 9-класты яғни, негізгі мектепті аяқтайды. Олардың кейбіреуі оқуын 10-класта, ал қалғандары колледждерде жалғастырады.
Биыл оқу жылы жылдағы дәстүрмен 34 аптаға созылды және мектеп оқушыларының көпшілігі үшін соңғы қоңырау 23 мамырда соғылады. Бұл күні барлық білім ошағында «Білімім – Отаныма!» бірыңғай сынып сағаты өтетін болады. Оқушыларға «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтары туралы айтылып, жазғы каникул кезінде оқуға арналған әдебиеттер тізімі ұсынылады, үйірмелер мен секциялардағы қауіпсіз мінез-құлық, еңбек пен белсенділіктің пайдасы туралы мағлұмат беріледі.
Алдын ала деректер бойынша үздік аттестатқа 9-кластың 1564 оқушысы және 11-кластың 679 оқушысы – үміткер. Ал, «Алтын белгіге» 641 он бірінші класс оқушысы үміткер. Облыстың бас педагогі өңірде жыл сайын «Алтын белгі» алушылардың саны артып келе жатқанына назар аударды.
29 мамырдан 10 маусымға дейін 9-класс оқушылары үшін емтихандар өтеді. Олар 4 емтихан тапсыруы қажет: алгебра (29 мамыр), ана тілі (2 маусым), таңдау пәні (5 маусым), қазақ немесе орыс тілі мен әдебиеті (10 маусым).
11-класс түлектері 30 мамырдан 16 маусымға дейін емтихан тапсырады. 30 мамыр – Қазақстан тарихы (ауызша); 4 маусым – алгебра және талдаудың басталуы; 9 маусым – ана тілі; 12 маусым – таңдау пәні; 16 маусым – қазақ немесе орыс тілі мен әдебиеті.
Барлық емтихан сағат 09:00-де басталып, бір ауысымда өткізіледі. Аттестаттарды тапсыру 18-20 маусым аралығында өтеді.
5-8 және 10 сынып оқушылары 26-30 мамыр аралығында қазақ тілі пәнінен аралық емтихан тапсырады. Бұл – білім деңгейін бағалаудың екінші тәжірибесі.
Облыс әкімі қорытынды аттестаттауды өткізу кезінде ашықтыққа жіті мән беруді тапсырды. Қорытынды аттестаттауды ұйымдастыруда объективтілікті қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды. Асхат Шахаров бітіруші сыныптар үшін мемлекеттік емтихандарды тиісті деңгейде өткізуді қадап тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/989791?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау