Целиноград ауданында инертті материалдарды заңсыз өндіру мәселесі талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Целиноград ауданының әкімдігінде инертті материалдарды заңсыз өндіруге қарсы күрес мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өтті, онда осы саладағы құқық бұзушылықтарды бақылауды күшейту және алдын алу шаралары талқыланды.

Жиынға аудан әкімі Дарын Сабырғалиұлы, аудан прокуроры Мұрат Ахимов, аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Рүстем Нұрымов, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясының, жер кадастры және тіркеу бөлімінің өкілдері, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері қатысты.

Кездесудің мақсаты – аудандағы инертті материалдарды заңсыз өндіру жағдайын талқылап, бірлескен шешімдер қабылдау және осы бағыттағы шараларды күшейту болды.

Жиын барысында заңсыз өндіру фактілері тіркелген проблемалық учаскелер аталды. Мұндай әрекеттер экологияға айтарлықтай зиян келтіріп, жер және табиғатты қорғау заңнамасын бұзатыны, сондай-ақ мемлекеттің экономикалық мүддесіне нұқсан келтіретіні атап өтілді.

Құқық қорғау және бақылаушы органдардың іс-қимылын үйлестіру, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Заң бұзушылықтар туралы сигналдарға жедел әрекет ету және алдын алу шараларының тиімділігін арттыру қажеттігі баса айтылды.

Аудан әкімі ауыл әкімдеріне өз аумақтарында бақылауды күшейтуді, тұрақты мониторинг жүргізуді және полиция, табиғатты қорғау қызметтерімен тығыз ынтымақтастық орнатуды тапсырды. Сонымен қатар, халық арасында жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығына назар аударылды.

Кеңес қорытындысы бойынша заңсыз өндіру фактілерін дер кезінде анықтау, алдын алу және жою бойынша нақты іс-шаралар айқындалды. Бұл мәселе аудан әкімдігінің және қадағалау органдардың тұрақты бақылауында болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/989920?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version