Ұлы Отан соғысы басталған алғашқы күндерден-ақ кеңес халқы Отанын қорғауға жұмылды. Соғысқа қатысқан 500-ден астам қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, бірақ олардың 114-і бұл атақты ала алмады.
Олардың қатарында жамбылдық сегіз жауынгер бар, соның ішінде Байзақ ауданы, Ақжар ауылының тумасы Үмбетқұл Жиенбаев та бар.
Үмбетқұл Жиенбаев 1942 жылы жеті жылдық мектепті бітіріп, майданға аттанды. Сол жылы қазан айында инженерлік-саперлік даярлықтан өткен соң, Солтүстік-Батыс майданының 34-армиясының 1391-инженерлік-саперлік батальоны құрамында майданға жіберілді. Ол Демянск шабуыл операциясына қатысты. Қызыл Армия жауға Старые Рулидің оңтүстігінде күйрете соққы беріп, оны шегінуге мәжбүр етті. Ленинград қаласын жауға бермеу үшін қиян-кескі шайқастар жүріп жатты.
Осы қан төгілген шайқастарда 21 жастағы жерлесіміз Үмбетқұл Жиенбаев та ерлік көрсетті. Ол 1-Беларусь майданының құрамында болып, Брест, Седльце және Люблин қалаларын азат ету операцияларына қатысты.
1945 жылдың басында 1-Беларусь майданының әскерлері Висла-Одер операциясына қатысып, Варшава-Познань бағытындағы шайқастарда ерлікпен соғысты. Батальон жауынгерлері 48-инженерлік-саперлік Брест бригадасының 239-инженерлік-саперлік батальоны құрамында фашистерге қарсы күресті жалғастырды.
1945 жылдың 20 сәуірінде жаудың толассыз оқ жаудырғанына қарамастан, ефрейтор Үмбетқұл Жиенбаев Одер өзенін бірінші болып жүзіп өтіп, Грайфенхаген қаласының оңтүстігінен батыс жағалаудағы фашистер бекінген аумаққа жол ашты.
– Арғы жағалауда жаудың ірі калибрлі пулеметі орналасқан еді. Бізге сол пулеметті жою тапсырылды, – деп еске алған еді Үмбетқұл аға мектептегі бір кездесуде.
Одер өзенінен өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін ефрейтор Ү. Жиенбаев 1945 жылдың сәуірінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Алайда ол бұл атақты алмай, Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. Майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін Үмбетқұл Жиенбаев 1945 жылдың 15 ақпаны мен 27 шілдесінде екі мәрте «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Ол Одер өзенінен өту кезіндегі шайқаста жараланып, госпитальде емделді. Жеңіс күнін Берлинде қарсы алып, Оңтүстік-Орал әскери округіне оралып, батальонында әскери қызметін жалғастырды.
Үмбетқұл Жиенбаев 1947 жылдың сәуірінде туған ауылына оралды. 1948 жылы Жамбылдағы педагогикалық училищеге түсіп, оны 1950 жылы үздік бітірді. Сол жылы Ақжар ауылындағы Жамбыл атындағы жетіжылдық мектепте география және биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жүріп, Шымкент педагогикалық институтының география және биология факультетін сырттай оқып бітірді.
1983 жылы зейнетке шыққанымен, 1988 жылға дейін жұмысын жалғастырды. Соғыс және еңбек ардагері 2009 жылы дүниеден озды. Оның үлкен қызы Алматыда мұғалім, кенже қызы Шымкентте дәрігер болып еңбек етуде.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Үмбетқұл Жиенбаевтың ерлігін мәңгі есте қалдыру мақсатында Түймекент ауылдық округі әкімдігі мен аудандық ардагерлер кеңесі Ақжар ауылындағы бір көшеге соғысқа осы ауылдан аттанып, осында өмір сүріп, еңбек еткен батырдың есімін беру туралы ономастикалық комиссияға ұсыныс білдіруі орынды болар еді.
Айтмаханбет ТЫШҚАНБАЕВ,
Үмбетқұл Жиенбаевтың шәкірті,
Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/991157?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау