9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне орай, Түркістан қаласында Екінші дүниежүзілік соғыстың тыл еңбеккерлері мен ардагерлерінің отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетілді.
Атап айтқанда, 255 тыл еңбеккеріне және 9 Ұлы Отан соғысы мүгедектігі бар ардагерінің екінші рет некеге тұрмаған зайыбына 50 000 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек толығымен төленді.
Мәліметтерге сүйенсек, Түркістан қаласынан Ұлы Отан соғысына 20 мыңнан астам азамат аттанып, оның 12 мыңнан астамы елге аман-есен оралған. Батырлық пен ерліктің жарқын үлгісін көрсеткен азаматтардың ішінде 7 жерлесімізге Совет Одағының Батыры атағы берілген.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында көзі тірі соғыс ардагері қалмаған. Дегенмен, олардың ерлігі мен бейбіт өмір үшін жасаған жанқиярлық күресі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бұл бағытта жыл сайын ардагерлер мен олардың отбасыларына түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіліп, бірқатар жеңілдіктер қарастырылып келеді.
Мереке қарсаңында тыл ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, мерекелік медальдар табысталды. Сонымен қатар, ардагерлердің үйлеріне барып, құттықтаулар мен алғыс хаттар ұсынылды. Қала басшылығы мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан әлеуметтік қолдау шаралары тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Ардагерлеріміздің ерен еңбегі мен Отанға деген сүйіспеншілігі — бүгінгі ұрпақ үшін өлшеусіз мұра. Ұлы Жеңіс — бір күннің емес, мәңгілік құрметтің символы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/991038?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау