Қызылша — бұл адамнан адамға ауа-тамшы жолымен оңай жұғатын ауыр вирустық ауру. Вирус жұқтыру үшін науқас адамның жанында болу жеткілікті. Ауру жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлегенде сілекей тамшылары арқылы таралады.
Қызылша — ең жұқпалы инфекциялардың бірі: егер бөлмеде қызылшамен ауырған адам болса, екпе алмаған 10 адамның 9-ы дерлік ауырып қалады.
Қызылшаның белгілері тұмауға ұқсас, бірақ өзіне тән ерекшеліктері бар. Ауру жоғары температурадан, әлсіздік, жөтел және мұрыннан су ағудан басталады. Ауыз қуысының шырышты қабатында ақ дақтар пайда болады. Бірнеше күннен кейін үлкен қызыл бөртпелер шығады, олар бір-бірімен қосылып кетеді. Сонымен қатар жақ астындағы лимфа түйіндері үлкеюі мүмкін.
Қызылшаның ең қауіпті жері — оның асқынулары. Әр үшінші науқаста ауыр салдарлар дамуы мүмкін — құлақ пен өкпенің қабынуынан бастап, іш өту, көру қабілетінен айырылу және ми қабынуына (энцефалит) дейін. Бұл асқынулардың кейбіреуі өлімге әкелуі мүмкін.
Бүгінгі таңда қызылшадан қорғанудың жалғыз сенімді жолы — вакцинация. Екпе ағзаның вирусқа қарсы иммунитет қалыптастыруына көмектесіп, аурудың ауыр өтуінен сақтайды.
Есте сақтаңыз: жұқпалы аурулар салғырттықты кешірмейді.
Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын қорғау үшін екпе күнтізбесін қадағалап, вакцинациядан уақытылы өтіп тұрыңыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/991539?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау