Талдықорған қаласында Жеңістің 80 жылдығына орай облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты жинақтың тұсаукесері өтті.
Іс-шара өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың қатысуымен Салтанат сарайында тыл еңбеккерлері, әскерилер және құқық қорғау органдары қызметкерлерімен өткен мерекелік кездесудің аясында ұйымдастырылды.
Жинақта Ұлы Отан соғысы майдандарында 120 мыңнан астам жетісулықтың соғысқаны туралы архивтік мәліметтер келтірілген. Олардың ішінде 47 мыңы майданнан оралмаған. Сонымен қатар, 38 жетісулыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, 5 адам Даңқ орденінің толық иегері, 58 адам Даңқ орденінің ІІ және ІІІ дәрежелі иегерлері атанған. Облыстық мемлекеттік архив құрастырған бұл жинақ бес бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімде Жетісу өңірінен шыққан Кеңес Одағы Батырлары мен Даңқ ордені иегерлерінің өмірі мен ерліктері жайлы мәліметтер берілген. Екінші бөлімде облыс аудандары мен қалаларынан шыққан 939 ардагердің тізімдері мен фотосуреттері жарияланған. Үшінші бөлімде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және өзге де мекемелерде жұмыс істеген тыл еңбеккерлерінің Жеңіске қосқан үлесі баяндалған. Төртінші бөлімге архивте мемлекеттік сақтауда тұрған жеке құжаттар – майданнан жазылған хаттар, естелік жазбалар және басқа да деректер енгізілген. Ал бесінші бөлімде түрлі жылдардағы соғыс фотосуреттері қамтылған.
«Архив – тарихи құжаттардың құнды қазынасы. Бірақ архивтегі деректер сақталып қана қоймай, жас ұрпаққа қызмет етуі тиіс. Олар өз тарихын біліп, ата-бабаларынан ажырамауы қажет. Сондықтан Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында облысымыздың жауынгер батырлары туралы жинақ дайындау шешімі қабылданды. Архив материалдары алты ай бойы жиналды. Бұл жұмысқа облыстық архивтің барлық қызметкерлері дерлік тартылды. Жинақ архивтік құжаттар, майдангерлердің хаттары, естеліктері негізінде құрастырылды және ол бүгінгі мен болашақ ұрпаққа арналады», – деді Жетісу облысының мемлекеттік архивінің директоры Гүлжихан Истамбекова.
Айта кетейік, «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты жаңа жинақтың 1000 данасы өңірдегі кітапханалар мен архивтерге таратылатын болады.
ақпарат https://vestnik19.kz/news/obshestvo/knigu-k-dnyu-pobedy-prezentovali-v-zhetisu-36616/ алынды
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/991543?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау