ДЕПАРТАМЕНТ: «ҰЛЫ ЖЕҢІС – ҰРПАҚҚА АМАНАТ»!
🎗 Жеңіс күні – Қазақстан халқы үшін айтулы мереке.
🎗 Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллиондаған қазақстандық неміс фашизміне қарсы күресте жан алысып, жан беріскеніне тарих куә.
🎗 Фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда соғыс жарияламастан, тұтқиылдан КСРО-ға шабуыл жасау себебінен Кеңес Одағында Ұлы Отан соғысы басталды.
🎗 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына 35 млн адам, соның ішінде 1,5 млн қазақстандық қатысты. Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектердің 70 пайызы. Ұрыстардың алғы шебінде Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, 50 шақты полктар мен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанын қия қорғап, Украина мен Беларусьті, Прибалтика мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты.
🎗 Фашистік Германия Кеңес Одағының астанасы – Мәскеуді бірнеше апта ішінде басып аламыз деп жоспарлады. Бірақ Мәскеу түбіндегі шайқаста Қызыл армия ентелеп келе жатқан фашист басқыншыларын тоқтатып, өздері қарсы шабуылға шықты. Бұл жеңісте қазақстандықтардың үлесі зор болды.
🎗 Тарихта Ұлы Отан соғысындай қасіретті соғыс болған емес. Соғыста 27 миллионнан астам кеңес адамы қаза тапты. Соның ішінде 410 мыңы қазақстандықтар болатын.
🎗 Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді.
🎗 500 ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ “Кеңес Одағының Батыры” атағын алды, төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болды. Ең соңғысын арада 50 жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды. Ондаған мың қазақстандық ерен еңбегі мен ерліктері үшін марапатталса, 142 адам “Даңқ” орденінің толық жинағының иегері атанды.
🎗 Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің сол жылдардағы ерен еңбегі – бүгінгі жастардың мәңгілік есінде.
🎗 Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толуына орай, Департмент ұжымы барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтайды! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бейбіт өмірдің бақытты ұрпақтары мәңгілік жасай берсін!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkistan-enbek/press/news/details/992405?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау