Ақтауда 9 мамыр – Жеңіс мерекесіне орай амфитеатр алаңында «Ұран боп жаңғырған – Ұлы жеңіс!» атты театрландырылған қойылым ұйымдастырылды. Спектакльге Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің 40-ға жуық шығармашылық ұжымы мен «Қарақат» мектеп-студиясы қатысты, – деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Сахналық көріністің шымылдығын «Не забывайте подвига солдата» атты әнмен «Тәтті» оркестрі және «Ертегілер» вокалды тобы түрді. Әрі қарай халықтық ұжымдар «Гвоздь» және «Өркен» театрлары соғыстан қалған хаттарды оқуымен театрландырылған қойылым қойды және соғыс кезеңіндегі ән мен бимен жалғасты. Туынды ұжымның ұйымдастыруымен жиналғандарға жігер беріп, мерекені ерекше сәнге бөледі. Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің көркемдік жетекшісі Құдайберген Ахметов халықты мерекемен құттықтады.
-Бүгінгі Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен барша қазақ елін құттықтаймыз. Біз батыр бабаларымыз бен ардагер аталарымызға бейбіт күн үшін құрмет көрсетеміз. Олардың ерлігі жүрегімізде мәңгі сақталады. Сұрапыл соғыста шайқасқан ардагерлеріміз ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Сондықтан Жеңіс күнінің мән-мазмұны тереңдей береді,- деді Құдайберген Ахметов.
Спектакльді көруге 1000-ға жуық қала тұрғыны мен қонақтары жиналды. Шараны тамашалағандар өз пікірін білдірді.
-Бүгінгі қойылымнан ерекше әсер алдым. Соғыстың сызын сезінгендеймін. Сахна төрінде немерем де өнер көрсетіп, кейіпкер рөлін сомдады. Баршаңызды бүгінгі Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын. Әрдайым бейбіт ғұмыр орнап, аспанымыз ашық болғай! – деді қала тұрғыны Жамила Даукараева.
Сонымен қатар, кешке амфитеатр алаңында Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің шығармашылық ұжымы мен қала өнерпаздарының «Еңсесі биік – ұлы Жеңіс» атты концерті өтеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/992665?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау