Триест, 8 мамыр 2025 жыл – Елші Е. Сембаев Фриули-Венеция-Джулия өңірінің астанасы, Италияның солтүстігіндегі аса ірі портты қала Триест қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар аясында Елші Е.Сембаев үкімет комиссары – қала префектісі П.Синьорьелломен кездесу өткізді. Кездесуде екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығы атап өтілді. Тараптар өңірлік өзара іс-қимылдың түрлі аспектілерін де талқылады.
Бұдан әрі Триест қаласының мэры Р.Дипиаццамен кездесу өтті. Қала басшысы қазақстандық делегацияны қаланың сауда-экономикалық дамуымен, соның ішінде оның экономикалық, туристік және экологиялық әлеуетін дамытуға бағытталған «Porto Vecchio – Porto Vivo» жобасымен таныстырды. Р.Дипиацца Триест портының қызметі туралы егжей-тегжейлі баяндап, оның Италия үшін ғана емес, бүкіл Еуропа өңірі үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Елші Е.Сембаев Триест порты мен Каспий теңізіндегі қазақстандық порттар – Ақтау мен Құрық арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытудың жоғары әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық саудадағы маңыздылығы барған сайын артып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Италияның негізгі серіктесі бола алады. Бұл тұрғыда Триест қазақстандық тауарларды еуропалық нарықтарға жеткізудің маңызды көлік торабына айналар еді.
Бұдан әрі Триестке сапар бағдарламасы аясында Елші Е.Сембаев Италияның солтүстік өңірлерін азат ету кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Қазақстан мен Италия арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастыққа арналған конференцияға қатысты.
Жылына 62 млн тоннаға дейін жүк айналымын өңдейтін Триест порты Балтық, Адриат және Жерорта теңізі бағыттарының кеме жолдары мен негізгі дәліздерінің қиылысында орналасқан. Дамыған инфрақұрылымның, соның ішінде заманауи терминалдардың және Еуропа орталығымен тиімді теміржол және автомобиль байланысының арқасында Триест құрлық пен теңіз саудасының халықаралық хабы болып саналады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-roma/press/news/details/992503?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау