“Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы ауыл тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының деректері бойынша ұлттық жоба аясында өңірде 2023-2025 жылдар аралығында 29 медициналық мекеме салу жоспарлануда. Бұл мақсаттарға 5,6 миллиард теңге бөлінді. 2023 жылы 8 нысан, 2024 жылы тағы 10 нысан пайдалануға берілді. Биыл 11 медициналық пункт құрылысына 1,7 миллиард теңге бөлінді. Жаңа нысандар 12 мыңнан астам ауыл тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Хромтау, Шалқар және Мұғалжар аудандарында аудандық ауруханалар жанынан қосымша ғимараттар салу жоспарланған. Қазір жобалар әзірленуде, содан соң мемлекеттік сараптамадан өтеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев бұл шара көршілес аудандардың тұрғындары үшін жоғары медициналық технологияларды қолдана отырып медициналық көмектің қолжетімділігін арттыратынын атап өтті. Мәселен, Темір, Байғанин және Ойыл аудандарының тұрғындары Мұғалжар ауруханасына, Әйтеке би және Қарғалы – Хромтау ауруханасына, Ырғыз – Шалқар ауруханасына жүгіне алады.
“Бұл ауруханаларды дәрігерлермен қамтамасыз ету үшін медициналық жоғары оқу орындарында резиденттер оқиды. Урология, кардиология, анестезиология-реаниматология, радиология, сәулелік диагностика және реабилитология мамандары даярлануда”, – деді Ерлан Сұлтангереев.
Биыл медициналық жабдықтарды сатып алуға 3,2 млрд теңге бөлінді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары да реттелген – шалғай ауылдарға “СК-Фармация” жеткізеді, жыл соңына дейін бұл жұмыс күшейтіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/993161?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау