ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ЖЕҢІС РУХЫ ЖАҢҒЫРЫП, ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ ЖАСАЛДЫ
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Арыс қалалық орталық стадионында «Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі!» тақырыбымен салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар мен қала қонақтары қатысты.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, одан әрі қала әкімі Қайсар Маңқараев тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, Жеңістің маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде Ұлы Отан соғысының ел тарихындағы маңызына тоқталып, ардагерлердің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің жанкешті еңбегін ерекше атап өтті.
– Бұл күн – бейбіт өмірдің бағасын ұғындыратын, ұрпаққа аманат болған ерліктің символы. Жеңісті жақындатқан барша қаһармандарға тағзым етеміз, – деді қала басшысы.
Салтанатты жиын аясында жастар ұйымдары мен мектеп оқушыларының қатысуымен саптық шеру ұйымдастырылды. Әскери тәртіп пен патриоттық рухты паш еткен шеруде қатысушылар сап түзеп, Отанға деген құрметтерін білдірді.
Мерекелік бағдарлама театрландырылған көрініспен жалғасты. Арыс қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мен мектеп оқушылары майдан даласы мен тыл өмірін шынайы бейнелеп, сол кезеңнің ауыртпалығын сахнада әсерлі жеткізді. Көрініс барысында көрермендерге соғыстың зардабы мен бейбіт күннің қадірі тереңінен ұғындырылды. Әсіресе, мәдениет қызметкерлері орындаған «Әлия» әні көрермен жүрегін тербеп, ерекше әсер сыйлады.
Шара соңында жиналған қауым майдангерлердің рухына тағзым етіп, ардагерлерге құрмет көрсетті. Бұл — ерлікті ұмытпауға, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуға бағытталған тағылымды іс-шара болды.
Осылайша, Арыс қаласында өткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылып, патриоттық рухты нығайтып, тарихи жадыны жаңғыртуға арналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kogamdyk-damu/press/news/details/993083?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау