АБДОЛЛА ІЗІМЕН:
Былқылдақтан Новинкиге дейін
ЕКІНШІ КҮН. 30 сәуір
Таңмен ояна сала “атқа қондық”. Бізді Қызыл Алаң күтіп тұрды.
Айбын мен даңқтың белгісіндей – қызыл мұнаралы Кремль.
Қызыл Алаң.
1945 жыл. 24 маусым күні дәл осы жерде тұңғыш рет жеңіс парады өтті. Иосиф Сталин Кеңес Одағының Германияны жеңу оқиғасын осындай салтанатты шарамен айшықтады.
Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық адам алынды. Олар жаумен арпалыста жанқиярлық қылды, ерлік етті. Қанша мыңының шинелі кебінге айналды.
Майданға әр шаңырақ асылын, азаматын аттандырды.
Қазақтың әр үйінің бір батыры, әр ауылдың өз Бауыржаны, өз Мәншүгі бар. Біздер – сол батырлардың ұрпағы едік.
Көлігімізді ақылы тұраққа тоғытып, Кремль мұнарасының түбіне жеткенімізде куранттар 9:30 -ды соғып жатты.
Түсірілім жұмыстарын жасадық.
13:16 Кутузов даңғылымен Волоколам жаққа шықтық. Бізді салтанатты арка (Триумфальная арка) шығарып салды.
Жорықтағы жеңістерінің құрметіне Салтанат қақпаларын салу – римдіктерден келген дәстүр. Ресей 1812 жылғы І Отан соғысындағы жеңісінің құрметіне 1829 жылы алғашқы арканы соққан. Деректерге сүйенсек, 1812 жылы тұрғызылған триумф аркасы кейін қалыпқа келтірілген. Жаңа орыны ретінде Кутузов даңғылы, Бородино шайқасының понорама – музейі маңы таңдалды.
Бір беті қалаға, бір беті Можайск шоссесіне қарап тұр.
Мәскеуден 27 шақырым жердегі Одинцово ауданына аялдадық. Бізді түбі тасқұдықтық, бүгінде Ресейдегі ғылыми орта мойындаған ғылыми қызметкер Құдайбергенова Жанна (Жаңыл) Өзипқызы қарсы алды.
Жанна ханымның пәтеріне жүк түсірдік. Бөгелмей Волоколамскқа қарай жолға шықтық. Бізді әскери археолог Сергей Бобинов күтіп отырған еді. Сергейдің кім екенін сәлден кейін білесіздер…
Манарбек тізгіндеген ақ “Camry” кілемдей жайылған кең жолмен самғап келеді. Қос қанатта қалың орман, қарағайлы алқап. Тіп – тік болып шаншылған қарағайлар Отаны үшін сапқа тұрған сарбаздарды еске салады. “Волокамсктан таңғы ас ішіп, Истрадан түстенеміз. Кешкі ас дастарханы Мәскеуде жайылады” – деген неміс арманы Можайк шоссесінен асып өте алмады. Себебі, Волоколамск бойында «тірі қамал» сарбаздар – панфиловшылар тұр еді.
Жанна Өзипқызының айтуынша, жасыл орманды отап, орынына үй салғысы келетін олигархтар бар екен. Обал…
“Шаховская – Ресей Швейцариясы” – деген сөзді естідік. Айнала – деревнялар. Үйлердің арасынан шіркеулер мойынын созып қарайды.
Дубосекованың үстінен өттік.
Дубосекова разъезі есіңізге бірдеңені сала ма?
(Жалғасы келесі постта)
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Жымпиты – Мәскеу
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/993727?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау