АБДОЛЛА ІЗІМЕН:

Жарияланды:

Автор:

категорияда
АБДОЛЛА ІЗІМЕН:
Былқылдықтан Новинкиге дейін
(жол күнделігі)
Сырым ауданынан тарихшылар мен журналистерден құралған экспедиция Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласына аттанғаны жайлы хабарлаған едік.
Ақын, панфиловшы Абдолла Жұмағалиевтің 1941 жылы 26 қазанда Мәскеу түбіндегі шайқастардың бірінде жау бөлімшесімен бетпе – бет атыс жүргізіп, ерлікпен қаза тапты. Дегенмен, қай деревня үшін шайқас еді ақынның ақырғы шайқасы? Ресей архивтерінде жауынгер Жұмағалиев туралы не дерек бар? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп аттанды жоқшылар.
Сырым ауданы әкімдігінің жобасына «Жайық Пресс» медиахолдингі ақпараттық қолдау көрсетті.
Экспедиция құрамында С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбай, өлкетанушы Нұржан Төлепов, «Жайық Пресс» медиахолдингінің операторы Азамат Ұзақов және «Сырым елі» газетінің директор – редакторы ретінде біз болдық. Көлік тізгінінде – жымпитылық Манарбек Жайсұлтанов. Назарларыңызға Мәскеу сапарында жазылған күнделігімізден үзінділер ұсынамыз.
БІРІНШІ КҮН. 28 сәуір
07:45 – те біздің керуен Орал қаласынан қозғалды. Астымызда – Toyota Camry – дің 75 – інші моделі. Тізгінде – Манарбек Жайсұлтанов. Манарбектің Мәскеуге барудан да басқа шаруасы бар. Жымпитыда тұңғыш рет жеке балабақша ашқан оған қазір 70 бала мен 14 қызметкер қарап отыр. Бірақ, ұрпақ қарызы іспеттес қасиетті сапарға қосылуды, қолынан келгенше көмек етуді жөн санаған жайсаң азамат астындағы аппақ арғымағын алыс жолға салды.
Валюта айырбастап, sim – карта сатып алып жүргенде сағат 08:00 – ге таяды.
“Сырым” шекара бекетінен өттік. Сағат 08: 41 – де орыс қақпасының алдына келіп тұрдық.
Құжаттар толтырып, тексеруден өткенше 8:59 болды.
Бізбен қатарласа Ресей шекарасына тәжік, өзбек көліктері кіріп бара жатты.
Сәуірдің 27 – сінен 28 – іне қараған түні ауа суытты. Сынап бағанасы көзімізше төмендеді. + 20 – дан + 2 – ге дейін. Жолай бұршақ жауды, артынша қар борады.
Жайқалған жасыл желекке қар тонғаны, қырдан қылтиған гүлді ызғырық жел солқылдатқаны – көңілге ауыр көрініс екен. Өзіміз “құм көрпені ертерек оранған” жас ғұмырдың ізін іздеп бара жатыр едік. Жасыл сабағын жаудың оғы қиған жан тек Абдолла емес. Талай үлбіреген баламұртты топырақ жапқаны рас. Виктор Цой шырқаған ән жадыңда жаңғырады: “Война – лекарства против морщин.”
11:09 – Ставрополь ауданы артымызда қалды.
Жолай экспедиция жетекшісі Айнагүл Ойшыбаеваға қоңырау келді. Біздің делегацияны Волоколам қалалық округінің мэрі Козлова Наталья Юриевна қабылдауы керек еді. Үйлеспейтін болыпты. Мэр ханым елшіліктің қағазы келмей, қабылдай алмайтынын айтыпты, кестесі де тығыз екен.
11:42 – Еділді белінен басып өттік.
14:00 – Уляновск
13:20.Татарстан аумағындамыз. Көлік қанша жайлы болса да, адам отыра беруден шаршайды. Бел жазып алмағымыз бар әрі жеңіл шайлансақ деп, татар бауырлардың “Достық” кафесіне тоқтадық. Маңында мұнтаздай намазханасы да бар екен.
Кафенің төрінде теледидар ілулі. Россия +1 арнасының эфирінен РФ Үкіметінің төрағасы Михайл Мишустиннің орыстың жаңа ұрпағымен кездесуін беріп жатыр.
“Знание. Первые” ағарту марафоны. Зал толған оқыған жастар. Шамасы – “алтын буын!”
Михайл Владимирович РФ Президенті Владимир Путиннің “Главный запас Россий – люди! – деген сөзін қайталады.
Иә, адам – қай елдің де ең бірінші байлығы!
Оралдан шыққалы 1152 шақырым жүрдік Мәскеу уақытымен 21:30 . “Экто” жанармай бекетіне аялдадық. Көлікке “ас бердік”. Өзіміз тамақтандық.
23:40. Мәскеудеміз. “Восточная” қонақүйіне тоқтадық.
(Жалғасы келесі постта)
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Жымпиты – Мәскеу
 
 
 
 
 
 
 
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/993716?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version