Алматы облысы полиция департаментінде Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл қос мереке – ерлік пен отансүйгіштіктің, табандылық пен рухтың символы. Осындай маңызды күні 18 жас қызметкер алғаш рет адалдық антын беріп, Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қатарына ресми түрде қосылды.
Іс-шарада қатысушыларды Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев құттықтады:
– Полиция қызметкері болу – үлкен жауапкершілік. Енді сіздер – жай азамат емес, заңды өкілісіздер. Сіздерге халықтың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау міндеті жүктеледі. Бүгін сіздер ант беріп қана қоймай, біртұтас әрі мықты ұжымның мүшесіне айналдыңыздар. Жоғары атақты абыроймен алып жүретініңізге сенемін, – деді ол.
Салтанатты сәт жас қызметкерлер үшін кәсіби дамудың ғана емес, сонымен бірге буындар сабақтастығының символына айналды. Бұл туралы тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Сағатбек Нұрахметов өз сөзінде атап өтті:
– Бүгін сіздер өмірлік маңызды таңдау жасадыңыздар. Полиция қызметкері – қиындықтан қайтпайтын, қауіпке қарсы алғаш қадам басатын адам. Жанында әрдайым тәлімгер, ардагер, тәжірибелі әріптестер бар екенін ұмытпаңыздар. Бірлік пен қолдау арқылы үлкен жетістіктерге жетесіздер, – деді ол.
Ал ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмағали Бүйембаев жас тәртіп сақшыларына ерекше ықыласпен тілегін білдірді:
– Біз, ардагерлер, сіздерге үмітпен қараймыз. Өйткені сіздердің көздеріңізде – болашақтың нұры бар. Форманы құрметтеңіздер, халықты сыйлаңыздар, дәстүрді жалғастырыңыздар, – деді ол.
Рәсімдеу барысында ерекше назар жас қызметкерлердің ата-аналарына аударылды. Себебі олар – осы ел үшін адал ұл-қыз тәрбиелеген нағыз батырлар.
Іс-шара аясында марапаттау рәсімі де өтті. Қызметтік борышын үлгілі атқарып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін ҚР Ішкі істер министрінің ведомстволық марапаттарымен 27 қызметкер марапатталды. Тағы 205 полиция қызметкері департамент бастығының атынан алғыс хаттар мен мақтау қағаздарын алды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/993792?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау