Нұрдәулет Қилыбай: Маңғыстаудың әр баласы талантты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 8 мамыр күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай халықаралық және республикалық сайыстарда оза шауып, топ жарған маңғыстаулық жас дарындар мен олардың ата-аналарын қабылдап, құрмет көрсетті.

Қабілетімен көптің назарын аударған Ш.Есенов атындағы университеттің инженерия мамандығының студенті Ырысжан Сансызбай робототехника бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен хакатондардың бірнеше мәрте жеңімпазы. Сегіз жылдан астам тәжірибесі бар ол Arduino, STM32, Raspberry Pi платформаларымен еркін жұмыс істейді. Ырысжан ауыл шаруашылығы мен білім беру саласына арналған смарт құрылғылар жасап, сондай-ақ Jetson Nano, Raspberry Pi және STM32 негізінде автономды роботтар құрастырған. «Elbasy» медалінің қола және күміс иегері атанған ол бүгінде Yessenov Technopark зертханасында қызмет етеді.

Жуырда ғана Азия-Тынық мұхиты лингвистика олимпиадасында алтын медаль иеленіп, ел мерейін үстем еткен келесі талант – Ақтау қаласындағы мамандандырылған ІТ-лицейдің 10-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев. Бұған дейін де бірнеше жыл қатарынан республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанып жүрген Рамазан Түрікменстанда өткен халықаралық байқауларда топ жарды.

Сонымен қатар, Жетібай ауылынан шыққан жас спортшы Халиф Расул биыл Иорданияның Амман қаласында өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Бұған дейін ол Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, Сербияда өткен Ұлттар кубогінің қола жүлдегері атанған. Қазір ол облыстық бокс бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектебінде жаттығуда.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай жастардың жетістігіне тәнті екенін жеткізіп, оларға ақжолтай тілегін арнады.

– Маңғыстаудың әр баласы талантты. Оларды тауып, демеп жіберу біздің парызымыз. Жастарымыздың әлемдік деңгейде танылып, Қазақстанның атын халықаралық аренада шығарып жүргені – біз үшін зор мақтаныш. Әлі талай биікті бағындырады деп сенемін. Осы беттен таймаңыздар. Алар асуларыңыз көп болсын. – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/992473?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version