ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІНДЕ КІШІ ФУТБОЛДАН ТУРНИР ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

    7 мамыр – еліміз үшін ерекше күн. Бұл – Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген ерлерге құрмет көрсетілетін Отан қорғаушылар күні. Осындай маңызды мерекенің қарсаңында Темір ауылында жыл сайын дәстүрге айналған жастар арасындағы кіші футбол турнирі ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, спорт арқылы достықты нығайту және ұрпақтар арасындағы байланысты арттыру.

    Турнир “Шойман” спорт алаңында бастау алды. Ашылу салтанатында Темір ауыл округінің әкімі Ақарыс Жүсіпұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде: «Осындай шаралар – ауыл жастарының бірлігін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттаудың ең жарқын үлгісі. Бұл шара жалғасып, ауыл жастарына дәстүр болып қалуы тиіс», – деп атап өтті.

    Мемлекеттік қызмет саласының зейнеткері Ерқұлов Темірхан да жастарға ақ тілегін арнап, олардың ұйымшылдығына ризашылығын білдірді. Шара барысында “Мұхтарәлі” мешітінің имамы Әмзе Насреддин ақ батасын беріп, турнирдің сәтті өтуін тіледі.

    Турнирді ұйымдастыру кезек-кезекпен жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі дода ауылдың 1992 жылғы жастарының ұйымдастыруымен өтті. Олар жарысты жоғарғы деңгейде ұйымдастырып, ойыншылар мен көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады. Жыл сайынғы дәстүрге сай, турнир эстафетасы келесі ұйымдастырушыларға – 1995 жылғы жастарға салтанатты түрде табысталды.

    Жарысқа ауылдан 16 команда қатысып, әр команда өз мықтылығын дәлелдеуге тырысты. Ойындар жоғары деңгейде өтті, ойын барысында достық пен бәсекелестік қатар көрінді. Әр жастағы топ өздерін бас жүлдеге лайықты көрсете білді.

    Турнир нәтижесінде:

 

 1 орынды – 2005 жылғы ауыл жастарының командасы;

 2 орынды – алдағы турнирді ұйымдастыру тізгінін алған 1995 жылғы жастар;

 3 орынды – 1991 жылғы ауыл жастары иеленді.

 

    Жарыс соңында 1995 жылғы жастар сөз алып, келесі турнирді жауапкершілікпен өткізуге дайын екендерін мәлімдеді. Сонымен қатар, бүгінгі жарысқа қатысқан барлық командаларды келесі өтетін турнирге қатысуға шақырды.

    Бұл турнир – ауыл жастарының белсенділігі мен ұйымшылдығын көрсететін жарқын мысал. Осындай іс-шаралар ауыл өмірін жандандырып қана қоймай, жастар арасында патриоттық сезім мен достықты арттырады. Жыл өткен сайын бұл дәстүрдің ауқымы кеңейіп, жаңа бастамаларға жол ашатынына сенеміз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/993425?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version