Бүгін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Төлеби ауданынан 120-ға жуық қарт ардагер Түркістан мен Отырар қалаларына бағытталған рухани-танымдық сапарға аттанды.
Атаулы шара AMANAT партиясының “Ардагерлерді ардақтайық” жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұл жоба егде жастағы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, оларға құрмет көрсету және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау мақсатында партия тарапынан тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Жобаның басты мақсаты – аға буын өкілдерінің ел дамуына қосқан үлесін насихаттау және жастарды отансүйгіштік пен тағылымды тарихқа құрмет рухында тәрбиелеу.
Қасиетті мекендерге бет алған бұл ерекше сапар – кешегі күннің қаһарман ұрпағына деген шынайы құрметтің, тарихқа тағзымның айқын көрінісі.
Шараның басты мақсаты – ел тарихында өшпес із қалдырған рухани тұлғалардың мәңгілік мекендеріне барып, бабалар рухына тағзым ету, жастардың тарихи санасын қалыптастырып, рухани құндылықтарды ұлықтау. Ұлттың ұлы мұраттарын ұлықтайтын осынау сапар – өткен мен болашақты сабақтастыратын тағылымды тағзым.
Сапарға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлері, өмірлік тәжірибесімен елге өнеге болған ақсақалдар мен аналар қатысуда. Қатысушылар өңірдің тарихи-мәдени орындарын аралап, Жаныс баба, Ибраһим ата, Қарашаш ана, Арыстан баб кесенелеріне зиярат етеді. Саяхаттың соңғы аялдамасы – түркі әлемінің рухани темірқазығы саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болмақ.
Ауқымды шараға бастамашы болып, барынша қолдау білдірген – аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Манкеев. Рухани мәні терең бұл игі бастаманың жүзеге асуына тікелей демеушілік танытқан халық қалаулысы өз сөзінде:
– Бұл – жай ғана сапар емес. Бұл – жүрекпен сезініп, жанмен ұғынатын тағылымды тағзым. Өткенге тағзым – елдік пен бірлікті бекемдейтін, ұрпақ санасына үлгі болатын аса маңызды тәрбие көзі. Ардагерлеріміздің батасын алып, жас ұрпақты рухани байыту – баршамыздың азаматтық парызымыз, – деп атап өтті.
Бүгінгі таңда сапар жалғасуда.
Қариялардың ақ батасы мен көңіл толқытар алғыстары – рухани шараның шынайы бағасын аңғартады. Ел мен жердің шежіресін көзбен көріп, көңілмен түйсінуге мүмкіндік берген бұл бастама – елжандылық пен отансүйгіштікке жетелейтін жарқын өнеге.
@Төлеби аудандық мәслихатының баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-tolebi/press/news/details/993843?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау