9 мамыр күні Самар ауылындағы Жеңіс саябағында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Таңертеннен бастап саябақта соғыс жылдарының әндері шырқалды.
Іс-шараның ашылу салтанатында Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов барлығын мерекемен құттықтады. Шара барысында сөз алған Александр Федосов тарихи жадыны сақтау мен өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызын атап өтті.
Сондай-ақ аудан тұрғындары мен меймандар Ұлы Отан соғысы кезеңіне арналған тарихи жәдігерлер көрмесін тамашалады. Онда сол дәуірдің кітаптары, тұрмыстық бұйымдар, әскери киімдер мен қару-жарақтар ұсынылды. Сонымен қатар викториналар ұйымдастырылды.
Сұрапыл соғыста қаза тапқан батырларды еске алу мақсатында аспанға салтанатты оқ ату рәсімі мен саптық шеру ұйымдастырылды, гүл шоқтары қойылды. Ал концерттік бағдарламада патриоттық әндер орындалды.
Бұдан бөлек, шағын сауда нүктелері жұмыс істеп, балаларға арналған көңілді ойын алаңы ұйымдастырылды. Әскери шатыр мен фотоаймақ та көпшіліктің көңілінен шықты.
Осылайша, бұл күн естелік пен мақтаныш мерекесіне айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/993305?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау