Жеке кәсіпкерлерге: электр желілеріне қалай қосылуға болады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгінгі таңда электр энергиясы көптеген құрылымдардың, соның ішінде бизнес пен кәсіпкерліктің қызметін қамтамасыз ететін маңызды ресурс болып табылады. Кәсіпкерлік объектілерін электрмен қамтамасыз ету үшін энергия беруші ұйымдардың электр желілеріне технологиялық қосылу қажеттілігі туындайды.

Сондай-ақ технологиялық қосылуды қажет ететін бірқатар жағдайлар бар: жаңадан іске қосылатын немесе қайта жаңартылатын электр қондырғыларын қосқанда, осыған дейін қосылған электр қондырғыларының максималды қуатын 200 кВт-қа дейін ұлғайған кезде, сыртқы электрмен жабдықтау схемасы өзгерген кезде, электрмен жабдықтау сенімділігі санаты өзгерген кезде, электр қондырғыларының қосылу нүктесі өзгерген кезде.

Жалпы алғанда, электр желілеріне қосылу процесін үш кезеңге бөлуге болады: өтініш беру, келісімшарт жасасу және технологиялық қосылу процесі.

Технологиялық қосылу мүмкіндігін бағалау үшін энергия беруші ұйымның ресми сайтында жеткізуші желілердің, бос және қолжетімді қуаттардың, сыйымдылықтардың, орындардың, электр желілерінің өткізу қабілеттілігі туралы ақпаратпен танысқан жөн. Айта кету керек, энергия беруші ұйым кейін жоғарыда аталғандар болмаған жағдайда технологиялық қосуды жүргізуден бас тартуға құқылы.

Бастапқы кезеңде кәсіпкер не ұйым басшысы арнайы нысан бойынша өтінішті толтырады және оған қажетті құжаттар тізімін тіркей отырып, энергия беруші ұйымға ұсынады. Құжаттар тізімі мыналардан тұрады: заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама немесе рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік тізілімінен үзінді көшірме (ЖК үшін), мәлімделген электр қуатының есептеу-негіздемесі, ауыртпалықтар туралы анықтама, ұйым өкілінің сенімхаты, банктік деректемелері бар анықтама, ситуациялық жоспар, электрмен жабдықтауға жария шартты акцептеу туралы өтініш, техникалық шарттар. Елді мекендерде өтініш пен қоса берілген құжаттарды қағаз түрінде беруге жол беріледі.

Ескеретін жайт, 0,4 кВ энергия беруші ұйымның желілеріне қосылған кезде өтініш берушінің электр қондырғылары 600 м-ден аспайтын, 6-10 кВ желі үшін – 600 м және одан артық радиус қашықтықта болуы тиіс.

Өтінішті қоса берілген құжаттар тізімін қабылдаған кезде энергия беруші ұйымның өкілдері оның толықтығын тексереді және, барлық қажетті құжаттар болған жағдайда, 2 жұмыс күні ішінде олардың сәйкестігін тексереді, кейбір құжаттар жетіспеген жағдайда, қабылдаудан бас тартуға құқылы.

Әрі қарай, талап етілген құжаттар сәйкес келген жағдайда энергия беруші ұйым 10 жұмыс күні ішінде өтініш берушіге негізделген шығындар қорытындысын береді, өтініш берушімен шарт жасасады және технологиялық қосылуды жүзеге асырады. Ал мәлімделген құжаттар сәйкес келмеген жағдайда өтініш берушіге бас тарту себебі көрсетілген хабарлама жібереді.

Айта кету керек, құжаттарын талаптарға сәйкес келтірген өтініш беруші қайта өтініш беруге құқылы.

Келесі кезеңде энергия беруші ұйым өтініш берушімен электр қондырғыларын технологиялық қосу шартын жасасады, онда тараптардың әрқайсысына танысу, қол қою және шартты жөнелту үшін 5 жұмыс күні беріледі.

Өтініш беруші, өз кезегінде, өтініш беру және шарт жасасу кезеңдерінде бас тарту алған жағдайда, бас тартумен келіспейтінін білдіруге және бас тартудың негізсіздігі туралы энергетикалық сараптама жүргізу үшін сараптама ұйымына жүгінуге құқылы.

Соңғы кезеңде энергия беруші ұйыммен шарт жасасқаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде электр желілері мен қондырғыларының жобалық құжаттамасын әзірлеу және бекіту жүргізіледі. Сондай-ақ, шарт жасалғаннан кейін 60 күнтізбелік күн ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстары және электр желілері мен қондырғыларын өтініш берушіге пайдалануға беру жүзеге асырылады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде өтініш берушіге кернеу беріледі, есептегіштер пломбаланады және пломбалау актісі беріледі. Пломбалау актісін алғаннан кейін өтініш беруші 2 жұмыс күні ішінде энергиямен жабдықтаушы ұйымға электрмен жабдықтау шартын жасасу үшін қажетті құжаттарды ұсынуы қажет.

Өтініш беруші мен энергия беруші ұйым арасында туындайтын даулар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 400-бабына сәйкес шешіледі.

 

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-terekty/press/news/details/993704?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version