Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 2025 жылдың 27-ші сәуіріне әлемде тырысқақ ауруының 137398 жағдайы тіркеліп, оның 1882-сі өліммен аяқталған.
Тырысқақ – адамнан адамға жұғатын жіті ішек жұқпалы ауру. Тырысқақ басқа жіті ішек жұқпаларынан клиникалық ағымының ауырлығымен, жоғары өлім-жітімімен және салыстырмалы түрде қысқа мерзімде ауқымды аумақтарға таралып, халықтың көпшілігіне жұқтыру қабілетімен ерекшеленеді.
Тырысқақтың жасырын кезеңі (науқас жұқтырған сәттен бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі аралық) 1-ден 5 күнге дейін, көбінесе 2-3 күнге созылады.
Тырысқақ ауруының қоздырғышы Vibrio cholera вибрионы. Тырысқақ вибрионының сыртқы ортаға төзімділігі салыстырмалы түрде төмен және жоғары температурада тез өледі.
Адамдар тырысқақты зақымдалған су мен тағамды пайдалану, ауру адамның немесе тырысқақ тасымалдаушының бөлінділерімен ластанған заттары арқылы жұқтырады. Шыбындар да қоздырғыштың таралуына ықпал етеді.
Тырысқақ ауруының негізгі белгілері – адам үшін аса қауіпті сусыздандыруға әкелетін іш өту мен құсу.
Тырысқақ диагнозы эпидемиологиялық деректер мен бактериологиялық зерттеу нәтижелерін ескере отырып, аурудың клиникалық көрінісі негізінде қойылады.
Тырысқақтың алдын алу шаралары келесідей:
– жеке гигиена шараларын сақтаңыз: тамақ ішер, тамақ дайындар алдында, әжетханаға барғаннан кейін қолыңызды мұқият жуыңыз;
– қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішіңіз;
– ұйымдастырылған демалысқа рұқсат етілген су айдындарында шомылыңыз;
– теңіздің, мұхитың және басқа да су айдындарының шикілей және жеткіліксіз пісірілген өнімдерін пайдаланбаңыз;
– азық-түлік, жеміс-жидек пен көкөністі рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алыңыз;
– жемістер мен көкөністерді қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен мұқият жуыңыз.
Тырысқақ ауруының белгілері пайда болған жағдайда (жүрек айну, құсу, сұйық нәжіс, бас ауруы, бас айналуы) дереу дәрігерге жүгіну қажет. Медициналық көмекке ерте жүгіну тырысқақты тиімді емдеуді дер кезінде жүргізуге және қолайсыз нәтиженің алдын алуға мүмкіндік береді.
Тырысқақтың алдын алудың негізгі шараларын орындай отырып, Сіз бұл қауіпті жұқпалы аурудан сақтана алатыныңызды ұмытпаңыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-atyrau/press/news/details/995024?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау