Әр бала ерекше бақылауда болуы керек: өңірде жазғы сауықтыру маусымына дайындық басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Павлодар облысының әкімдігінде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру және оларды жұмыспен қамту, сондай-ақ, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Биылғы жылы 1-10 сыныптардың 109 мыңнан астам оқушысы жазғы демалыс және жұмыс нысандарымен қамтылады – бұл 98,5% құрайды. Облыста 38 мыңнан астам бала демалатын 334 мектеп жанындағы лагерь, сондай-ақ, 52 мыңнан астам оқушыны қабылдайтын мектептер мен қосымша білім беру мекемелерінің базасында 382 бейіндік лагерь ашу жоспарланған.

Әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдауға ерекше назар аударылады. Жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен 13 мыңнан астам бала және балалар үйінің 334 тәрбиеленушісі демалыспен қамтамасыз етіледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 200 бала үшін арнайы лагерьлер ұйымдастырылады, оның ішінде 4 лагерь арнайы мектептер базасында құрылады.

Өңірдің бизнес-қауымдастығы да өз үлесін қосуда: «Жолдама сыйла» акциясы аясында 291 жолдама сатып алынды, сертификаттар 1 маусым – балаларды қорғау күні табысталады. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорымен «Жаздық жолдама – 2025» жобасы бойынша лагерьлерге 595 ауылдық оқушы, яғни, оқу озаттары мен конкурстардың жеңімпаздары жіберіледі.

Жыл бойы жұмыс істейтін 2 лагерь – «Жас дәурен» және «Балдәурен» 1 600 баланы қабылдауға дайын. Тағы 9 маусымдық лагерь 3168 оқушыны қабылдауға дайындалды. Нысандардың дайындығын тексеру 25 сәуірден санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлерінің қатысуымен басталды. Лагерьлердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 52 млн теңге бөлінді.

Жазғы жұмыспен қамтуға да көп көңіл бөлінуде. Мектептегі еңбек жасақтарына, абаттандыру және көгалдандыру бригадаларына, мектеп орманшылықтарына 2 200-ден астам жоғары сыныптың оқушылары тартылады. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан жасөспірімдер басымдыққа ие.

Облыс әкімі Асайын Байханов балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек екенін атап өтті.
– Әр бала ерекше бақылауда болуы керек. 2025 жылдың жазғы маусымы қауіпсіз, ұйымдасқан түрде және өңірдің әрбір баласы үшін барынша тиімді өтуі тиіс, – деп атап өтті.
Әкім қалалар мен аудандардың басшыларына көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін жазғы демалысты ұйымдастыру мәселелерін жеке бақылауда ұстауды тапсырды.

Балалардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың алдын алу шаралары жеке талқыланды. Әкім профилактикалық жұмыстарды, оның ішінде ата-аналар тарапынан күшейтуді талап етіп, полицияға түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Ветеринариялық қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда өңірде 178 мың бас ірі қара мал тексеріліп, олардың 0,8%-ы бруцеллез ауруын жұқтырғаны анықталды. 131 сібір жарасы мен 239 мал қорымына мониторинг жүргізілуде, олардың тек 33-і типтік және ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес келеді, қалған 206-сы ескірген шұңқырлар.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жол картасын іске асыру аясында жаңа типтік мал қорымдарын салу, инсинераторлар сатып алу және малды санитарлық сою үшін инфрақұрылымды дамыту жоспарланған.

– Бүгінгі таңда облыстағы эпизоотиялық жағдай тұрақты және күнделікті бақылауда. Сіздің тапсырмаңыз бойынша басқарманың мамандары Ресей Федерациясының Алтай өлкесінің биологиялық қалдықтарды жою тәжірибесін зерттеді. Көмірмен жұмыс істейтін крематорларды қолдануды ұсынамыз: өйткені бір қондырғы ірі қара малдың ұшасын 5 сағат ішінде жояды және бағасы 3 мың теңгені құрайды, ал инсинераторлардың бағасы 15 мың теңге, – деді ветеринария басқармасының басшысы Асылтас Тілеубаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі өзінің жеке парақшасына қаңғыбас иттерге қатысты шағымдардың көптеп түсіп жатқанын атап өтті. Өңір басшысы жануарларды уақытша ұстау орталықтарын құра отырып, жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Қалалар мен аудандардың басшыларына 20 мамырға дейін олардың құрылысына жер учаскелерін бөлу туралы тапсырма берілді.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/994496?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version