Марат Ахметжанов: «Бизнес – халықтың әл-ауқатын арттыратын ресурс болуы тиіс»

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесіп, кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту және қолайлы іскерлік климат қалыптастыру мәселелерін талқылады. Айта кетейік, өңірдегі экономикалық белсенді халықтың үштен бірі дәл осы салада еңбек етеді.

Кездесуге аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері, кәсіпорын жетекшілері, инвесторлар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімі кәсіпкерлерге өңір экономикасының өсуін жеделдету үшін қажетті нақты ұсыныс, бастама және ой-пікірлерімен ашық бөлісуді ұсынды. Ол облыста кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау және әкімшілік кедергілерді азайту бағытында заңнамалық бастамалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл жұмысқа қаржы институттары, даму ұйымдары, бизнес өкілдері мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе қатысуда.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыру мен отандық өндірісті ынталандырудың маңызын атап өтті. Ақмола облысының ұлттық экономикаға қосатын үлесін арттыру үшін өнеркәсіп саласының стратегиялық бағыттарын – ең алдымен өңдеу өнеркәсібін, машина жасауды және шикізатты терең қайта өңдеуді дамытуымыз қажет», – деді Марат Ахметжанов.

Соңғы жылдары өңірдің өнеркәсіп өндірісі 6 есеге ұлғайып, облыс экономикасының үштен бірін құрап отыр. Бүгінде облыста 1300-ге жуық өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істеп, жыл сайын 2 трлн теңгеден астам сомаға өнім шығарады.

Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік көмектің ауқымы жылдан жылға артып келеді. «Даму» қоры арқылы сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бөлінетін қаржы көлемі облыстық бюджет есебінен 2 млрд теңгеге дейін жетті. Өткен жылы 681 жобаға 8,9 млрд теңге субсидия беріліп, 258 жобаға 4,7 млрд теңгеге кепілдік ұсынылды. Ақмола облысы еліміз бойынша жеңілдетілген несие беру жағынан көш басында. «Кең дала – 2» бағдарламалары аясында 664 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 100 млрд теңгеден астам несие берілді.

Кездесуге «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков те қатысты. Ол өз сөзінде Палата өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, инвестор тарту мен кәсіпкерлік ортаны дамыту бағытында жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.

«Әр өңірдің әлеуетіне сай инвесторлар іздейміз. Қазіргі таңда Палата жанынан инвестициялық штаб пен жедел әрекет ету орталығы құрылған. Мақсатымыз – бизнес пен мемлекет арасында тиімді байланыс орнатып, кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсету және олардың тұрақты дамуына жағдай жасау», – деді Тимур Нахипбеков.

Өңір әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов өз баяндамасында Ақмола облысының инвестициялық әлеуетін таныстырды. Басым бағыттар ретінде агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп және туризм атап өтілді. Ол кәсіпкерлер жиі кездесетін мәселелерді шешу жолдарына тоқталып, нақты мысалдар келтірді.

«Біз үшін инвестиция тарту ғана емес, жобаларды бастан-аяқ сүйемелдеу маңызды. Инфрақұрылым, энергетика, кадр даярлау және жер телімдерін беру мәселелерін дер кезінде шешу қажет. Сонда ғана бизнес өз идеяларын тиімді жүзеге асыра алады, – деді Ернар Жаркешов.

Ірі жобалардың қатарында Көкшетау қаласында 630 орындық көпсалалы аурухана, сүт-тауарлы фермалар, Ақкөл қаласында Wyndham Residences Aqkol қонақ үй кешені, Қосшы қаласында сауықтыру орталығы мен емхана құрылысы бар.

Кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу мақсатында өңірде инвестициялық штаб пен үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Бұл құрылымдар жобаларды сүйемелдеп, инвесторларға барлық кезеңде қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.

Кездесу соңында бизнес өкілдерін алаңдатқан өзекті мәселелер – мемлекеттік қолдау шаралары, қаржыландыруға қолжетімділік, инфрақұрылымды дамыту және әкімшілік кедергілерді жою тақырыптары кеңінен талқыланды. Қатысушылар кәсіпкерлермен ашық диалог пен жедел әрекет етудің маңызын атап өтті.

Қорытынды сөзінде облыс әкімі мемлекет пен бизнес ортақ мақсатқа ұмтылып, бір бағытта әрекет етуі қажет екенін айтты.

«Біздің міндет – бизнесті қорғау емес, оны қолдау. Мақсатымыз – бизнесті экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру. Өндірісті жан-жақты қолдап, өңірімізді сапалы өніммен танытуымыз керек. Кәсіпкерлерге еркіндік пен даму мүмкіндігін беруіміз қажет, – деп түйіндеді Марат Ахметжанов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/994837?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version