Биыл Ақтөбе облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы 18 700 адам қаржылық сауатын арттырады. Бүгінде оныншы лектің қорытындысы бойынша 1862 адам оқытылды.
Тегін оқыту курстары Ақтөбе қаласы мен Хромтау, Қобда, Мұғалжар аудандары бойынша оффлайн форматта және барлық аудан бойынша онлайн өтуде. Жобаға қатысушылардың 1439-ы ауыл тұрғындары, сондай-ақ 60 пайызын әйелдер, 40 пайызын 18-36 жас аралығындағы жастар құрап отыр.
Жобаның облыстағы жетекшісі, ментор Айгүл Сексенованың айтуынша, биыл көбіне қарызын төлей алмай жүрген азаматтар оқытылып жатыр.
«Биыл жобада қарызын 90 күннен ары төлей алмай жүрген азаматтарды оқытуға басымдық беріледі. Бұл азаматтардың қаржылық біліктілігін арттырумен қатар, қарызын заң аясында реттеуге, яғни қарызын қайта құрылымдау, аресттен шешу, банкроттыққа тапсыру және т.б. бойынша құқықтық көмек көрсетіледі», – деді ол.
Дәл қазір тегін оқыту курстары Мұғалжар ауданында өтіп жатыр. Жыл бойы 1300 аудан тұрғынын қамту көзделген болса, осы күнге дейін 187 адам оқытылды. Қандығаш ауылының тұрғындары апта бойы қаржылық сауатын арттырған. Оқыту курстары Ембі ауылында жалғасады.
Айта кету керек, «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты — азаматтарға қаржылық және құқықтық көмек көрсету, халықтың қаржылық сауатын арттыру, азаматтардың банктік несиелері мен шағын несиелері бойынша проблемалық қарыздарын шешуге көмектесу. Бұл жобаға жасы 18-ден асқан, несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған тұрғындар қатыса алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/994546?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау