Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен оған бағынысты «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (ХЖТО) делегациясы Бангкок қаласында өткен БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) 81-сессиясына қатысты. Іссапардың негізгі мақсаттары — «Астана жасыл белдеуі» атты сайд-ивентті өткізу, сондай-ақ жаңартылған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын (ЖКСБ) ілгерілету бағытында ЭСКАТО-мен ынтымақтастықты күшейту болды.
Қазақстан делегациясын ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев басқарды. Делегация құрамына сондай-ақ ХЖТО Басқарма төрағасының орынбасары Сауле Қозыкеевна Қозыке, министрліктің Орман шаруашылығы, орман пайдалану және флора басқармасының басшысы Азамат Әбуов және басқа да өкілдер енді.
22 сәуір күні қазақстандық делегация ЭСКАТО-ның үш құрылымымен – Қоршаған ортаны қорғау және даму бөлімімен (EDD), Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және апаттар қаупін төмендету бөлімімен (IDD), Стратегия және бағдарламалар басқару бөлімімен (SPMD) жұмыс кездесулерін өткізді. Кездесулер барысында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен ЭСКАТО арасындағы 2025–2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарының мазмұны мен іске асыру тетіктері талқыланды.
Осыған орай, ХЖТО Басқарма төрағасының орынбасары Сауле Қозыкеевна Қозыке Программаны және бірлескен жоспарды таныстырып, бастаманың негізгі бағыттарын атап өтті. Ол Қазақстанның Орталық Азияда орнықты дамуға жетудегі технологиялық трансформацияны стратегиялық құрал ретінде қарастыратынын жеткізді. Ерекше назар жасыл және климаттық технологиялармен алмасуға арналған халықаралық цифрлық платформаны құруға, технологияларды трансферлеуді реттейтін халықаралық техникалық келісімді әзірлеуге аударылды.
23 сәуір күні Қазақстан делегациясы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО Атқарушы хатшысы Армида Салсиа Алишахбана ханыммен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу аясында қазақстандық тарап 2025–2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарының жобасын ресми түрде табыстады. Тараптар Программаны әрі қарай кеңейту және оны өңірлік әрі жаһандық тұрақты даму бағдарламаларымен ықпалдастыру мүмкіндіктерін талқылады.
Осыған дейін, таңертең Қазақстан делегациясы ЭСКАТО-ның 81-сессиясының пленарлық отырысына қатысты. ҚР Экология министрлігінің атынан Данияр Тұрғамбаев құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстанның орнықты даму мен климаттық бейімделу салаларындағы тәжірибесін, соның ішінде «Астана жасыл белдеуі» жобасын таныстырды.
Осы күннің басты іс-шарасы — ҚР Экология министрлігі ұйымдастырған «Астана жасыл белдеуі» тақырыбындағы сайд-ивент болды. Бұл іс-шара дәріс және сұрақ-жауап форматында өтті. Презентацияда Астананың айналасында 100 мың гектардан астам аумақта жасанды орман алқабын құру арқылы микроклиматты өзгерту, биологиялық әртүрлілікті арттыру және шөлейттенумен күрес бағытындағы бірегей жоба ұсынылды.
Өз сөзінде Данияр Тұрғамбаев былай деді: «Астана жасыл белдеуі – бұл жай ғана көгалдандыру емес. Бұл — адамның табиғатпен үйлесімде өмір сүре алатынын дәлелдейтін белгі. Бұл — батыл көзқарас пен ғылым, ерік-жігер арқасында шөлейт даланы гүлденген орманға айналдыруға болатынын көрсететін мысал».
Қазақстанның ЭСКАТО-ның 81-ші сессиясына қатысуы кең халықаралық контексте өтті. Іс-шараларға ЭСКАТО-ға мүше 50-ден астам мемлекеттің өкілдері қатысты. Бұдан бөлек, БҰҰ-дың халықаралық ұйымдары мен агенттіктері кеңінен таныстырылды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар Программаны іске асыру бойынша тұрақты өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін тоқсан сайынғы кездесулер өткізуге, сондай-ақ жасыл технологияларды трансферлеу және қаржыландыру механизмдерін бірлесе пысықтауға уағдаласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/forest/press/news/details/995496?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау