Жеті қазынаның бірі саналатын ит – адамға ақылымен, адалдығымен және ерекше қабілетімен серік бола білетін жануар. Ит – адамның досы ғана емес, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде таптырмас көмекші. Ал кинология ғылымы – иттерді үйрету мен баптау, жан-жақты дайындық пен жануарға деген терең сүйіспеншілікті талап ететін сала. Осындай күрделі де жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген жас мамандардың бірі – Атырау облысы полиция департаментінің Кинология орталығының кіші инспектор-кинологы полиция сержанты Айбар Орынбасарұлы Батыров.
22 жастағы Айбар Атырау индустриалды колледжін тәмамдап, ішкі істер органдарындағы қызметіне 2022 жылдың сәуір айында кірісті. Қызмет жолын бастаған сәттен-ақ өзінің жауапкершілігімен, ізденімпаздығымен ерекшеленіп, кәсібіне деген шынайы ықыласын көрсетті. Бүгінде ол Рокки есімді қызметтік итімен бірге іздестіру және алдын алу шараларына белсенді қатысады.
— Қызметтік ит – тәртіп сақшысының сенімді серігі. Онымен тіл табысып, ортақ мақсатқа жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Әрине бастапқыда қиындықтар болды. Итпен толық түсіністікке келу үшін күнделікті жаттығу, табандылық пен шыдам қажет екен. Оның көңіл күйі мен жағдайы да ескерусіз қалмауы тиіс. Уақыт өте тәжірибелі мамандардың қолдауымен бұл қиындықтардың бәрінен өттім, — дейді Айбар.
Оның айтуынша, кинолог болу – жай ғана итпен серуендеу емес. Бұл – төтенше жағдайларда шұғыл әрекет ету, адам іздеу, есірткі немесе жарылғыш заттарды анықтау секілді нақты әрі күрделі міндеттерді қамтитын жұмыс. Осындай сәттердің бірі – Айбар мен Роккидің 72 жастағы жоғалған азаматшаны дер кезінде аман-есен тауып, бір отбасының қауышуына себепкер болуы. Мұндай оқиғалар қызметтің маңыздылығын терең сезінуге мүмкіндік береді.
— Мен үшін тәртіп пен жауапкершілік – ең басты құндылық. Күн сайын жаңа нәрсе үйренуге, кәсіби тұрғыда өсуге тырысамын. Аға буын әріптестерден үлгі аламын. Алдағы мақсатым – аға инспектор деңгейіне дейін көтерілу, — дейді ол.
Қызметтік міндеттерінен тыс, Айбар жеке дамуына да мән береді. Спортпен айналысады, өйткені бұл физикалық төзімділік пен стресске төзімділікті қалыптастыруда маңызды. Айбардың пікірінше полиция қызметкерінің бейнесі – кәсіби даярлықпен қатар моральдық тұрғыда тұрақты тұлға болуы тиіс.
—Қоғам бізге сенім артады. Сол сенімді ақтау – біздің басты міндетіміз деп білемін. Полиция қызметкері азаматтарға көмектесетін тұлға болуы керек. Сондықтан заманауи тәртіп сақшысы – ширақ, батыл, адал әрі жан дүниесі бай жан болуы тиіс, — деп ойымен бөлісті Айбар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/995790?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау