Ақтөбе қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мәслихаттың Заңдылық, құқықтық тәртіп мәселелері және Аграрлық мәселелер, экология және жер қатынастары бойынша тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.

Жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының қала деңгейінде іске асуы, сауда базарлары мен көше саудасы, ауыл шаруашылығы дақылдары мәселелері талқыланды.

Отырысқа мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, қала әкімінің орынбасары Қайрат Қуантайұлы қатысты.

Полиция басқармасының бастығы Әсет Калиевтің ақпаратына сәйкес, қала бойынша «Нашақор» санатымен 1528 адам есепте тұр, оның 763-і диспансерлік есепте. Жыл басынан бері есірткіге қатысты 101 құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты фактілер тіркелмеген. Сондай-ақ интернет желісінде 305 есірткі парақшалары бұғатталды.

Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында жүргізілетін шаралардың ішінде оқу орындарындағы кездесулер басым. Жыл басынан бері мектептер мен колледждерде 1300-ден астам профилактикалық әңгімелесулер өткізілген. Мұндай кездесулерге медицина қызметкерлері мен наркологтар да тартылады. Сондай-ақ әр жұма және сенбі күндері көңіл көтеру орындарына рейдтер өткізіледі.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Әліби Латып мектептердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы жұмыстармен бөлісті. Бұл бағыттарда тәрбие сағаттары, деректі фильм көрсетілімдері, челлендждер, ата-аналармен кездесу, акциялар, басқа да профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Мектептерде оқушылардан, ата-аналардан және педагогтерден заңсыз ақша жинауды болдырмау шаралары қабылданған.

Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің аға офицері Мирас Жұмағазин, «Aqtobe su-energy group» АҚ комплаенс офицері Еркін Днашханов өз жұмыс бағыттары бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Сауда базарлары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің мәселелері бойынша қалалық бөлімдер баяндама жасады. Қалада 42 сауда базары тіркелген (25 – мамандандырылған, 17 – әмбебап). Соңғы жылдары Алтай, Орталық базар, Мега Шығыс базарларының павильондары жаңғыртылып, ашық алаңда сауда жасайтын кәсіпкерлердің саны қысқартылуда. Сондай-ақ тағы 1 сауда базары (Оңтүстік-батыс 2), 1 ойын-сауық орталығы (Бөкенбай батыр), 2 көпфункционалды кешеннің (Алтын орда) құрылысы жоспарлануда. Стационарлық емес сауда объектілеріне келер болсақ, қала бойынша 90 мекен-жайда 175 орын бекітілген. Оның 165-і бойынша конкурс негізінде кәсіпкерлерге берілді.

Депутаттар мен Қоғамдық кеңес мүшелері нашақорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту бағытындағы шаралардың тиімділігін арттыру, тұрғындарға ұсынылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапалары, басқа да мәселелер бойынша сұрақтары мен ұсыныстарын берді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-aktobe/press/news/details/996992?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version