2025 жылғы 29 сәуір күні «Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектебі» КММ «Физика сабағында оқытудың инновациялық технологияларын қолдану арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбында физика пәні мұғалімдерінің арасында аудандық іс-тәжірибе семинар өткізілді.
Семинардың мақсаты: «Физика сабағында оқытудың инновациялық технологияларын тиімді қолдану арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру».
Семинарды әдістемелік кабинет меңгерушісі Құрманғалиева Нұргүл Ақанқызы мен мектеп директоры Жунисова Бакыт Тілеуғазықызы құттықтау сөзімен ашып, семинардың бағдарламасымен таныстырып, оның мазмұны мен мақсатына тоқталды.Семинарға сәттілік тіледі. Семинар мектеп оқушыларының әдеби – сазды монтажымен басталды. «Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектебі»КММ физика пәнінің мұғалімі Есиркина Сәуле «Иіндіктің тепе-теңдік шарты» тақырыбында 7 сыныпқа арналған ашық сабақ өткізді. Бұл сабақ барысында оқушылар теория мен тәжірибені ұштастырып, физика пәнінің қызықты жақтарымен танысты.
«Ы Кабеков атындағы орта мектебі” КММ физика пәнінің мұғалімі Тәңірбергенова Айгүл «Физика- ғажайыптар әлемі» атты сайыс өткізді. Бұл сайыс 8 сынып оқушылары арасында өтті, онда оқушылар өздерінің білімдерін түрлі физикалық тәжірибелер мен есептер арқылы көрсетіп, қызықты тапсырмаларды орындады. «Қ.Сәтпаев атындағы Жәнтікей орта мектебі»КММ физика пәнінің мұғалімі Оралғазиев Қуаныш Бахытбекұлы «Физика сабағында жасанды интеллектіні қолдану тиімділігі» тақырыбында мұғалімдерге тренинг өткізді. Бұл тренингтің мақсаты – мұғалімдерге жасанды интеллект құралдарын физика сабағында қолдану жолдарын үйрету, сонымен қатар жаңа технологияларды оқыту үдерісінде тиімді пайдалану әдістерін көрсету болды. Қуаныш Бахытбекұлы тренинг барысында жасанды интеллектінің физика пәнін оқытудағы мүмкіндіктері мен артықшылықтарын түсіндірді. Мұғалімдерге жасанды интеллект арқылы білім беру үдерісін оңтайландыру, оқу материалдарын оқушыларға жас ерекшеліктеріне сай бейімдеу туралы кеңестер берілді.
Сонымен қатар, ол нақты мысалдар мен тәжірибелік тапсырмалар арқылы жасанды интеллектінің сабақтарда тиімді қолданылуының жолдарын көрсетті.
К. Нұрбаев атындағы Ақсуат орта мектебінің физика пәнінің мұғалімдері Брасилова Гулнар мен Сапарова Алия «Астрономия негіздері» тақырыбында іс-тәжірибемен бөлісіп, бұл сессия барысында олар астрономияның негізгі қағидаттарын, аспан денелері мен олардың қозғалысын зерттеу жолдарын көрсетіп, тыңдаушылармен тәжірибелермен бөлісті. «STEM және нақты ғылымдар» тақырыбында Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінің жаратылыстану пәні мұғалімдері бірлесе отырып тренинг өткізді, онда мұғалімдер жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу және білім беру үдерісінде жаңашылдықты қолдану туралы тәжірибе алмасып, өзара пікірлерін ортаға салды. Семинар жұмыстары қорытындыланып, қатысушылар өз тәжірибелерін бағалап, нәтижелерді талқылады. Семинардың соңында барлық қатысушылар аудандық білім бөлімінің грамоталарымен марапатталды.
Семинар барысында физика пәнінің мұғалімдері ашық сабақтарға қатысып, заманауи цифрлық ресурстар мен интерактивті әдіс-тәсілдердің тиімділігін байқап, тәжірибе алмасу алаңында өзара пікір алмасты. Семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық пен оң бағаға ие болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aksuat-bilim/press/news/details/996327?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау