Кез-келген сала маманының өз міндеттері мен тиісті жауапкершілігі болары сөзсіз. Сондай жауапкершілігі мол қызметтердің бірі – тергеу саласы. Мұндағы әрбір іс – толыққанды қаралып, заңды бағасы беріліп сотқа жолданады. Әр істе Заң үстемдігінің озық үлгісін көрсете білу – кәсібилік.
Жұлдыз Исамбергенова — Атырау қаласы полиция басқармасы Тергеу бөлімінің тергеушісі. Полиция аға лейтенанты 2019 жылы ҚР ІІМ Б.Бисенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсіп, 2023 жылы лейтенант шенімен академияны тәмамдады. Дәл сол жылы ол Атырау қаласы полиция басқармасының тергеу саласында кәсіби жолын бастады.
Қызметке келген алғашқы жылында-ақ Жұлдыз өзін жауапкершілігі жоғары, принципшіл әрі тәртіпті маман ретінде таныта білді. Ол бүгінге дейін 110-ға жуық қылмыстық істі сотқа жолдап, нақты нәтижелерге қол жеткізді.
— Полиция қызметін таңдауыма бала кездегі арманым себеп болды. Әділеттілік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету — менің басты ұстанымым деп білемін. Әрбір аяқталған іс — азаматтардың құқығының қорғалғанын білдіретін маңызды нәтиже, – дейді тергеуші ару.
2024 жылы тергеуші алғаш рет Қызылорда облысына қызметтік іссапармен барып, 33 эпизодтан тұратын қылмыстық істі қысқа мерзімде саралап, сот санкциясын алуына қол жеткізді. Бұл оның кәсіби біліктілігін жаңа деңгейге көтеріп, тәжірибе кеңістігін кеңейте түсті.
— Іссапар барысында әр өңірдегі тергеу ерекшеліктерін сезіндім. Қысқа уақыт ішінде ауқымды істі саралап, құқықтық шешім қабылдау — үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етті. Бұл мен үшін теңдессіз тәжірибе болды, — дейді Жұлдыз.
Қызметтік міндеттерден бөлек, жас тергеуші өзін-өзі дамытуға да ерекше мән береді. Ол уақытты тиімді басқару, іс қағаздарын мерзімінде аяқтау және кәсіби тәртіпті сақтау дағдыларын жетілдіруге ден қойып жүр. Алдағы мақсаты — білімін жалғастырып, біліктілігін арттыру.
— Жас мамандарға кеңес берер болсам — ешнәрседен қорықпау және үнемі тәжірибе жинауға ұмтылу қажет дер едім. Өйткені, тергеу саласы жауапкершілікті талап етеді, сондықтан үздіксіз даму маңызды. Заманауи полиция қызметкері — тек заңды білумен шектелмейтін, сонымен қатар технологияны меңгерген, жан-жақты дамыған, адами құндылықтарды бойына сіңірген тұлға болуы қажет , — дейді ол.
— Қызметтен тыс уақытта таза ауада серуендеп, велосипед тебуді және садақ атуды ұнатамын. Мен өзімнің бос уақытымды барынша тиімді өткізуге тырысамын. Өйткені оның ішкі тепе-теңдігімді сақтауға көмектеседі — дейді жас маман Жұлдыз Исамбергенова.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/995794?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау