Ақмола облысының Бұланды ауданында «Дұрыс тамақтануды дамыту және кеңейтуге қосқан үлес» атты пилоттық жоба ресми түрде бастау алды. Бұл бастама БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) техникалық қолдауымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы және Оқу-ағарту министрліктерімен серіктестікте жүзеге асырылуда.
Пилоттық жоба Макинск қаласындағы екі мектепті — гимназия мен Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейді қамтиды. Жаңартылған мәзір 393 оқушыға арналған. Жаңа мектептік тамақтану жүйесі салауатты өмір салтының қағидаттарына негізделген: ас мәзірі ақуыз, май және көмірсулардың тепе-теңдігін сақтай отырып әзірленген, балалардың талғамын ескереді және негізінен жергілікті өнімдерге сүйенеді.
Бұланды ауданының Тұрақты даму қорының директоры Данияр Нұрпейісовтің айтуынша, жобаның негізгі тетіктерінің бірі — жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеткізу тізбегіне тарту. Оның мәліметінше, азық-түліктің шамамен 60 пайызы — көкөніс, ет және сүт өнімдері — өңірлік фермерлерден сатып алынады. Бұл мектеп асханаларын жаңа әрі табиғи өнімдермен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына да серпін береді.
Сонымен қатар, жоба аясында тағам порцияларын сауатты жоспарлау және маусымдық мәзір енгізіледі. Бұл тағам қалдықтарын 25%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, бастама балалардың дұрыс тамақтану әдетін қалыптастырумен қатар, мектептер мен жергілікті өндірушілер арасында тұрақты әріптестік моделін жасауға ықпал етеді.
Бұланды ауданындағы жобаның табысты жүзеге асырылуы бұл тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне кеңейтуге негіз болмақ. Бұл – өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығын жақсартуға бағытталған тиімді әрі қолжетімді мектеп тамақтануын дамытудың озық үлгісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-uvp/press/news/details/997405?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау