Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үйлестірілген іс-қимыл нәтижесінде бопсалаушы ер адамды ұсталды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақтөбе қаласының кәсіпкерлерінен ақша бопсалап жүрген белгісіз тұлға туралы ақпарат алынған.
Тексеру барысында күдіктінің жеке кәсіпкерлерге қоңырау шалып, өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері ретінде таныстырғаны, ойдан шығарылған айыптаулар арқылы қылмыстық іс қозғаймын деп қорқытқаны анықталды. Ол жәбірленушілерге қатысты құпия ақпаратты пайдаланып, қысымды күшейткен.
Атап айтқанда, ол қаладағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің кадр бөлімінің бастығынан 5 миллион теңге талап еткен. Ұсталған кезде оның басқаруындағы көліктен 4 миллион теңге табылып, тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Бопсалау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Баптың санкциясы бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Құқық қорғау органдары азаматтарды қырағы болуға шақырады және мұндай жағдай орын алса, дереу полицияға хабарлауды сұрайды. Өтініш берушінің анонимдігі мен қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/997885?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау