Ойын құмарлық және лудоманияның алдын алу бойынша конференция өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Тараз қаласында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Ойын құмарлық және лудомания» тақырыбында ауқымды конференция өтті.

«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында өткен басқосуға облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров және қала әкімі Бақытжан Орынбеков, тәжірибе алмасу мақсатында республикалық деңгейдегі психолог-сарапшылар мен өз тәуелділігін жеңе алған азаматтар арнайы қатысты.

Ең әуелі Нұрғалым Әбдіров конференцияның маңыздылығына кеңінен тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белсенді өршіп, кейбір отбасылар үшін үлкен қасіретке айналғанын» атап өтті. Бұл дерттің жастар арасында таралуы олардың өмір салтына, қарым-қатынастарына және болашағына кері әсерін тигізуде. Соңғы жылдары лудоманиядан қайтыс болу фактілері тіркеліп, құмар ойындар қылмыстардың да себебіне айналуда. Статистикалық мәліметтерге сәйкес кәмелет жасқа толмаған 23 бала құмар ойын ойнау үшін үйінен қашып, ата-аналарымен іздеу салынған.
Проблеманың маңыздылығын ескеріп, бүгін арнайы мамандарды шақырып, осы жиынды ұйымдастыруды жөн көрдік, – деген Нұрғалым Мәжитұлы көпшілікті еркін пікір алмасуға шақырды.

Келесі кезекте Астана қаласындағы «Сана сезім» оңалту орталығының психологтары Динара Кожахметова мен Гүлжайна Касенова, 17 жыл лудомания дертіне шалдығып, оны жеңіп дұрыс жолға түскен талдықорғандық Айбек Бектемиров, қоғам қайраткері, публицист, жазушы Жан Ақжанов, Тараз қаласы әкімдігі отбасын қолдау орталығының директоры Бахыт Жақсылықова өз тәжірибелерімен бөлісіп, тақырып төңірегінде орамды ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар шаһар басшысы жасөспірімдерді құмар ойынның құрығынан қорғау бағытындағы ұсыныстарын білдірді. Айталық, Бақытжан Әмірбекұлы ұялы телефон арқылы балалардың санасына әсер ететін түрлі ойындардың қауіптілігін ескере отырып, ата-аналар тарапынан оларды пайдалануды қатаң бақылауға алу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ қала әкімі жазғы демалыс кезінде жас жеткіншектерді кітап оқуға баулып, бос уақыттарын тиімді пайдалануға жағдай жасау керектігін де тілге тиек етті.

Жиынды қорытындылаған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров Тараз қаласында тіркелген 49 компьютерлік клубпен лудоманияның алдын алу бойынша талаптарды күшейтіп, құқық қорғау және жергелікті атқарушы органдарға бірлескен Меморандум бекіту, ойынқұмарлық пен лудоманияға тәуелділерге қатысты «Call center»-дің жұмысын жандандыру және осы мәселе туралы студенттер мен оқушылар арасында мамандардың қатысуымен арнайы сабақтар өткізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Жалпы, аталған конференцияда еліміздегі құмар ойынға тәуелділіктің таралуы, оның әлеуметтік және құқықтық салдарлары, тәуелді адамдарға көмек көрсету мен алдын алу жолдары жан-жақты қарастырылып, оларды шешуде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың және қоғамдық қатысудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Осылайша, бұл басқосу құмар ойындар мен лудоманияға қарсы күресте кешенді тәсілді қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болғаны сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-taraz/press/news/details/997772?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version