Қымбатқа түскен массаж жапқышы: Тұтынушылардың құқықтық сауаттылығы неге маңызды?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Соңғы уақытта елімізде алаяқтық жолмен тауар сатып, тұтынушыларды алдап кету жағдайлары жиілеп барады. Әсіресе, сапасы күмән тудыратын немесе нарықтағы бағасынан бірнеше есе қымбат өнімдерді несиеге рәсімдетіп сату әрекеттері жиі тіркелуде. Осындай жағдай Батыс Қазақстан облысында да орын алып, тұтынушының заңды құқықтарын қорғау бойынша нақты нәтижеге қол жеткізілді.

Қ есімді тұтынушы ұйымдастырушылардың шақыруымен массаж жапқышының таныстырылымына куә болады. Сатушылар бұл құрылғыны соңғы үлгідегі жоғары технологиямен жабдықталған, денсаулыққа аса пайдалы өнім ретінде сипаттап, тұтынушыны сендіреді. Алайда өнімнің бағасы — 1 000 000 теңге. Қаражат тапшылығы болғандықтан, сатушылар азаматқа банктік несие рәсімдеп береді.

Алайда үйіне оралған соң,  Қ мырза интернет арқылы құрылғының нарықтағы бағасын тексеріп көргенде, нақты құны 60 000 теңгеден басталатынын  анықтайды. Яғни оған өнімді 17 есе қымбат бағамен ұсынған. Алаяқтықтың құрбаны болғанын түсінген азамат бірден Батыс Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген болатын.

Мамандардың көмегімен ресми наразылық жазылып, сатушы мекен-жайына жолданады. Департаменттің араласуымен сатушы тұтынушымен байланысқа шығып, төленген 1 000 000 теңгені толық қайтарып берді.

Дәл осындай жағдайды Н есімді азамат та бастан кешіреді. Ол да массаж құрылғысын 1 000 000 теңгеге несиеге рәсімдеп, кейін оның нақты бағасын білген соң Департаментке жүгінеді. Уақтылы жазылған шағым нәтижесінде ол да ақшасын толық қайтарып алды.

Мамандар не дейді?

Батыс Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтарды мұндай алаяқтықтан сақтану үшін төмендегі кеңестерге назар аударуға шақырады:

  • Нарықты зерттеңіз: сатып алмақшы болған тауарыңыздың бағасын әртүрлі дүкендер мен интернет платформаларда салыстырыңыз.
  • Келісімшартты оқыңыз: барлық шарттармен, әсіресе ұсақ жазулармен мұқият танысыңыз.
  • Бөліп төлеу шарттарын нақтылаңыз: пайыздық мөлшерлеме, мерзімі және қосымша төлемдер туралы анық біліңіз.
  • Кепілдік пен қайтару шарттарын біліңіз: тауардың қай жағдайда қайтарылатыны жазбаша көрсетілуі тиіс.

Егер сіз де осындай жағдайға тап болсаңыз, уақыт оздырмай Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне немесе тиісті органдарға шағымдануды ұмытпаңыз. Заңды құқығыңызды қорғау – өз қолыңызда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti-kzpp/press/news/details/998130?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version