18 мамыр күні Алматыда Халықаралық музей күніне орай – «Музей түні – 2025» акциясы өтеді. Кешкі 18:00-ден түнгі 00:00-ге дейін қала тұрғындары мен қонақтары мегаполистің жетекші музейлерін тегін тамашалап, квесттерге, шеберлік сағаттарына, театрландырылған экскурсияларға, дәрістер мен концерттерге қатыса алады. Биыл акцияға: Алматы тарихы музейі (Қабанбай батыр көшесі, 132), Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі (Зенков көшесі, 24а), Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі (Байтұрсынұлы көшесі, 60), Д. А. Қонаев музейі (Төлебаев көшесі, 117), Сәбит Мұқанов музей-үйі (Төлебаев көшесі, 125), Ғабит Мүсірепов музей-үйі (Төлебаев көшесі, 130), сондай-ақ Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы (Нұркент ықшам ауданы, 5/11) қатысады.
Бірлестік музейлерінде таңғы 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін ашық есік күні болады, ал негізгі бағдарлама 18:00-де басталып, түнге дейін жалғасады. Кеш бойы музейге келушілер, өздеріне ұнаған шараларды таңдай алуы үшін іс-шаралардың басым бөлігі — квест-ойындары, шеберлік сабақтар, блиц-көрмелер, фотоаймақтар мен тақырыптық ойындар кештің соңына дейін жалғасады.
Алматы музейінде 10:00-де ЮНЕСКО-ның әлемдік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Матьо кесте өнерінің туындыларына арналған «Матьо халық өнері – мадьяр мәдениетінің мұрасы» көрмесін тамашалауға болады. 18:00-ден бастап тарихи кейіпкерлер қатысатын театрландырылған экскурсиялар, «Тарих ізімен» квест-ойыны, блиц-көрме, қыш бұйымдар мен бейнелеу өнері бойынша шеберлік сағаттары, балаларға арналған аквагрим, пазлдар мен квесттер аймағы, сондай-ақ жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған фотозона жұмыс істейді.
19:00-де Еркеш Хасен, Ернар Амандық және өзге де өнерпаздар қатысатын «Алматы кеші» концерттік бағдарламасы басталады. Осы уақытта «Жұлдызды гид» акциясы өтеді. 19:00-де Біржан Хасанғалиев Ескендір Хасанғалиевтің жеке заттарын музей қорына тапсырады. 19:30-да «Жаңа ғасыр» театры «Алматы – махаббатым» спектаклін ұсынады. 20:00-де Еркеш Хасен, 20:20-де балаларға арналған «Қуыршақтар әлеміне саяхат» қойылымы өтеді. 20:00–21:30 аралығында Элина Алтынбекова мен Марат Нұрпейісов Алматы тарихы, әйел бейнесі және Қарғалы диадемасы туралы дәріс оқиды. 20:50-де «Ойлан, тап!» квест-ойыны ойнатылады. 21:00-де Ернар Амандық сахнаға шығады, одан кейін «Oina show» жобасымен интеллектуалдық ойындар өтеді. 22:00-де цирктік шоу, 22:15-те Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мюзикл қойылады. 23:00-де квест жеңімпаздары мен музей қызметкерлерін марапаттап, ал 23:15-те ашық аспан астындағы кино көрсетіліммен кеш аяқталады. Барлық шаралар – тегін.
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі де 18 мамыр күні 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін «Музей түні – 2025» шарасына шақырады. Барлық келушілер үшін музейге кіру тегін. Құрманғазы, Қорқыт, Біржан сал сынды аңыз кейіпкерлер қатысатын театрландырылған экскурсиялар, музей экспозициясына қойылмаған жәдігерлерді тамашалап, «Тарих ізімен», «Ойлан, тап!» квест-ойындары арқылы сыйлық ұтып алу мүмкіндігі бар.
19:00-де «Жұлдызды гид» акциясы мен интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылады. 20:00-де «Парасат» фольклорлық ансамблі, 20:30-де «Алатау серілері» тобы өнер көрсетеді. Әртүрлі этнос өкілдері қатысатын концерттік бағдарламамен кеш аяқталады. Кеш бойы музыкалық аспаптар жасау бойынша шеберлік сағаты мен жасанды интеллектпен жабдықталған фотозона жұмыс істейді.
22:00-де музей қызметкерлері мен қатысушылар марапатталып, 23:00-де ашық аспан астында кинокөрсетілімдер қойылады.
Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы да өткен мен бүгінді байланыстыратын ерекше бағдарлама дайындады. Бұл – дәстүрлі қазақ музыкалық мәдениетінің бай мұрасымен танысудың тамаша мүмкіндігі. Бұл күні музыка орталығының есіктері келушілер үшін таңертеңнен түнге дейін ашық болады.
18:00-де кешкі бағдарлама басталады. Тарихи тұлғалар – Біржан сал, Дина Нұрпейісова, Жамбыл Жабаев пен Ақан сері бейнесінде өтетін театрландырылған экскурсиялар ұйымдастырылады.
19:00-де «Жұлдызды гид» акциясы, 19:30-да Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Бес асыл іс» атты лекция-концерті өтеді.
20:00-де Сауле Жанпейісова, Эльза Карабалина, Мұрат және Талғат Әбуғазылар сынды дәстүрлі орындаушылар сахнаға шығады. 20:30-де Шәмші Қалдаяқовтың мандолинасы көрсетілетін ерекше көрме өтеді.
21:00-де танымал орындаушы Асылбек Еңсепов музыка орталығына бағалы жәдігер тапсыратын «Музейге сый» акциясы өтеді.
Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінде 18:00-де Алаш ардақтысы қонақтармен кездесетін театрландырылған экскурсия басталады. «Ахметке хат» акциясы, «Тарих ізімен» квесті, блиц-көрме, «Алаш Арыстары» фотокөрмесі мен фотозона жұмыс істейді. 18:00-де алаштанушылармен кездесу, 19:00-де Байтұрсынұлының төте жазуымен басылған ақын Әділет Ахметұлының кітабының таныстырылымы өтеді. 20:00-де «Алаш арыстарының аманаты» қойылымы, 20:30-да «Ахмет. Алаш ардақтысы» дәрісі өтеді. Кеш «Ойлан, тап!» ойыны мен марапаттау рәсімімен аяқталады.
Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-үйі де кешкі бағдарлама ұсынады. 18:00-де С. Мұқанов бейнесіндегі театрландырылған экскурсиялар, зияткерлік ойындар, квесттер, фотокөрмелер мен фотозоналар ұйымдастырылады. 20:00-де жазушылармен Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына орай кездесу, 21:00-де «Мөлдір махаббат» спектаклі, 21:30-да «Бұл қай қаламгер?» әдеби викторинасы өтеді. Кеш соңында марапаттау рәсімі болады.
Ғабит Мүсірепов музей-үйінде 18:00-ден бастап театрландырылған экскурсиялар, қазақ классикасының кинокөрсетілімдері («Қауын», «Амангелді», «Қыз Жібек»), квесттер мен көрмелер өтеді. 19:30-да жазушылармен кездесу, 20:00-де «Қыз Жібек ариясы» спектаклі, 21:00-де «Бұл қай қаламгер?» ойыны өтеді. Кеш марапаттау рәсімімен аяқталады.
Дінмұхамед Қонаевтың мемориалдық музейі де өз бағдарламасын ұсынады. Сағат 18:00-ден бастап келушілер Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа жолданған хаттармен танысып, мемориалдық пәтерде экскурсия тыңдайды. Музейге келушілер «Ойлан, тап!» ойынына қатысып, блиц-көрме және фотокөрмені тамашалай алады.
Сағат 18:30-да қонақтар «Д. А. Қонаевтың сүйікті әндері» ән кешін, ал 20:30-да «Адалдық – асыл қасиет» атты театрландырылған қойылымын тамашалай алады.
21:00-де Д. Қонаевтың туыстары және қызметтестерімен кездесу өтеді, ал 22:00-де марапаттау рәсімі басталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-madeniet/press/news/details/997880?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау