Ақтау қаласындағы жылу желілерін жаңартқан соң, мердігер мекеме “Алматыинжстрой” АҚ абаттандыру жұмыстарын сапалы орындамай келеді. Бұл Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының м.а Бақтияр Мақсатовтың жүрмелі жиында айтқан уәжі.
Ақтау қаласының әкімі қаладағы магистральдық инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарының тексерісі кезінде мердігер мекеме атқарған абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының м.а Бақтияр Мақсатовтың сөзінше тұрғындар шағымының көпшілігі осы жұмыстарға қатысты. Тапсырыс берушіге қанша айтқанымызбен, мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді дейді ол.
– Әрі қарай мердігер мекеме тарапынан кері байланыс болмай, өзгеріс қолға алынбаса құзырлы орган өкілдеріне арыздануға тура келеді. Себебі тұрғындардың шағымы өте көп, деді Бақтияр Мақсатов.
Мәселемен танысқан қала әкімі жұмыстар толық аяқталмаса да жауаптыларға сапаға мән беріп жасау керектігін айтты. Сондай-ақ ақау анықталған орындарды анықтау бойынша мердігер мекеме мен халық қалаулылары арасында айына екі рет тыңдау өткізу ісін міндеттеді.
– Біздің тарапымыздан жұмыс тобы құрылады. Құрамында депутаттар, тиісті мамандарды жұмылдырайық. Бақылайық. Бірақ, жұмыстар сапалы орындалуы тиіс, деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/998391?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау