Бүгін, 16 мамыр күні Ақтау қаласында Маңғыстау облысының прокуроры Айдос Майлыбаевтың төрағалығымен «Mangystau Future 2025» өңірлік инвестициялық форумы өтті. Іс-шара Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылып, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру және туризм саласын дамыту мәселелерін талқылауға арналды.
Форумға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов, ҚР Спорт және туризм министрлігіне
қарасты Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев, Бас прокуратура, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдері, сондай-ақ 50-ден астам инвестор мен 100-ден астам кәсіпкер қатысты.
Пленарлық отырыста облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруда кәсіпкерлік субъектілерінің рөлін атап өтті. Оның айтуынша, экономиканы дамыту үшін ең алдымен инвестиция салуға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру қажет.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдің елеулі экономикалық және инвестициялық әлеуетін атап өтті. Маңғыстауға инвесторларды тартуымыз қажет. Инвестор үшін ең алдымен оның қаржысы мен өндірісінің қауіпсіздігі маңызды. Сонымен қатар бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Егер біз Маңғыстаудың болашағын ойласақ, өндіріс орындарындағы дау-дамайларды тоқтатып, өсіп келе жатқан жеке мекемелерді барынша қолдауымыз керек, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Форум аясында өңірдегі бизнестің дамуына кедергі келтіретін жүйелі мәселелер, инвестициялық ахуал, көлік логистикасы және өңірдің туристік тартымдылығын арттыру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев өз баяндамасында 2025–2032 жылдар аралығында Маңғыстау облысында жалпы құны жоғары 61 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын айтты. Бұл жобалар аясында шамамен 6 900 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Форумда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында прокуратура органдары жүргізген жұмыстардың нәтижелері де таныстырылды. Атап айтқанда, соңғы бір жылда өнеркәсіп, логистика, салық саласы және мемлекеттік сатып алулар бағыттарында ондаған жүйелі мәселелер шешіліп, көптеген әкімшілік кедергілер жойылған.
Шара барысында қатысушылар өңірлік отандық тауар өндірушілердің өнімдері қойылған көрмені тамашалады.
Жиын соңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға ие болды.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/998406?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау