Ағымдағы жылдың сәуір айында облыстың бірқатар бас дәрігерлерімен бірге облыс әкімінің қолдауымен және денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Оңтүстік Кореяның жетекші медициналық клиникаларына барып, тәжірибе алмасып қайттық.
Әлемде медицина саласында корей халқының алдыңғы қатарда екені баршаға мәлім. Медицина саласы бойынша алдыңғы орында тұрған Оңтүстік Кореяда білімімізді шыңдау мүмкіндігі бізге де бұйырды.
Оңтүстік Корея медицинасы бүгінде әлемдік деңгейде дамыған және халықаралық аренада ең үздік денсаулық сақтау жүйелерінің бірі ретінде танылған. Ол жоғары технологияларымен, мамандарының біліктілігімен және сапалы қызмет көрсетуімен ерекшеленеді.
Ұлттық медициналық сақтандыру жүйесі өте тиімді жұмыс істейді. Азаматтардың басым бөлігі сақтандырылған, ал емханалар мен ауруханалар сапалы қызмет көрсетеді. Кореялық дәрігерлер әлемнің ең үздік медициналық оқу орындарында білім алып, үздіксіз кәсіби даму үстінде. Қоғамдық және жеке ауруханалар бәсекелестік негізде жұмыс істейтіндіктен, қызмет көрсету деңгейі жоғары.
Бірқатар жетекші клиникаларда өткізілген шеберлік сабақтарында олар өздерінің біліктіліктерімен бөлісті, науқастарды қабылдау және ота жасау процесстерімен таныстырды. Сонымен қатар дәрістер мен тренингтер өткізіліп, білімімізді одан әрі шыңдай түстік.
Оңтүстік Корея – өмір сүру ұзақтығы ең жоғары елдердің бірі. Медицина саласы қарқынды дамуда. Шығыс медицинасының үлгісінде дамығанымен, өзіндік емдеу тәсілдерімен ерекшеленеді.
Біз барған маңызды мекемелердің бірі – «Dongguk University Ilsan Hospital». Бұл – Оңтүстік Кореяның заманауи көпсалалы медициналық мекемесі. 2005 жылы ашылған бұл аурухана Батыс және Шығыс медицинасының әдістерін біріктіретін әлемдегі алғашқы цифрлық аурухана болып табылады.
Ауруханада ағылшын, қытай, вьетнам, орыс, моңғол және жапон тілдерінде сөйлейтін аудармашылар бар. Бұл шетелдік пациенттер үшін өте қолайлы жағдай туғызады.
Оңтүстік Корея халқының қонақжайлығы – ел мәдениетінің маңызды әрі ерекше қырларының бірі екеніне көз жеткіздік. Алғашқы күннен бастап жылы шырай танытып, көмектесуге дайын болды. Бізге ерекше бауырмалдық танытып, жақын тартты.
Бұл іссапар тәжірибе алмасуға, жаңа өзгерістер енгізуге үлкен ықпалын тигізді. Алдағы уақытта Сарысу аудандық орталық ауруханасының хирург-дәрігерін осы Оңтүстік Корея еліне тәжірибе алмасуға жіберуді жоспарлап отырмын. Осындай сапарлар жиі ұйымдастырылып тұрса, болашақта Қазақстан медицинасының дамуына үлкен жол ашылады деген сенімдемін.
Құрметпен, Сарысу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері А.Т. Каликова
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/998416?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау