Түркістан облысында айтулы дәстүрлі жоба – «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі басталды. Өнерлі көштің керуенін алғаш болып Ордабасы және Түлкібас аудандары бастады. Фестивальде облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев сөз сөйлеп, аудандарға сәттілік тіледі. Қос ауданның өнерпаздары ақындар айтысынан, дәстүрлі терме, ұлт аспаптар ансамблі, эстрадалық жанр, би өнері, вокалды-аспаптық ансамбль, «Ауылдың алты ауызы», салт-дәстүрлер көрінісі сынды жанрлар бойынша өзара бақ сынасты. Жалпы фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі, суретшілер жұмыстары, аудан жетістіктері мен кітап көрмелері ұйымдастырылады.
Фестиваль барысында жеребе арқылы жұптасқан аудан-қалалар бірінші кезеңде сайысқа түсіп, үздік өнер ұжымдары келесі айналымға жолдама алады. Өнерпаздарды кәсіби қазылар алқасы бағалап, ақтық кезеңде үздіктер анықталады. Өнер додасында облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров, ақын, облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының» Түркістан облысы филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің оқытушысы Әлімбай Ботақараев, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының хореограф Ақниет Әмзехан қазылық етеді.
Жалпы шара өңір өнерпаздарының шеберлігін шыңдап қана қоймай, көрермен қауымға арналған қызықты бәсекелі өнер думаны болмақ. Фестиваль облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мамыр-шілде айларында өтеді. Бүгін, 16 мамыр күні сағат 18:00-де «Керуен сарай» кешенінде Мақтаарал ауданы мен Кентау қаласы жалғайды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/997421?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау