Бішкекте Қазақстан-Қырғызстан Іскерлік кеңесінің кезекті отырысы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2025 жылғы 22 мамырда Бішкек қаласында Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаевтың қатысуымен Қазақстан-Қырғызстан Іскерлік кеңесінің (ҚҚІК) кезекті отырысы өтті. Іс-шара Қазақстан Президентінің Қырғыз Республикасына жоспарланған ресми сапарына дайындық шеңберінде ұйымдастырылды.

Отырысқа Қырғыз Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті, бұрынғы Премьер-Министрі Темір Сариев, ҚҚІК тең төрағалары — қазақстандық тараптан «Kaz Minerals Bozymchak» ЖШС бас директоры Ілияс Төлекеев, қырғыз тараптан экономика сарапшысы Қубат Рахимов, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдарының, іскер және қаржы секторларының өкілдері, Бішкек қаласында аккредитациядан өткен дипломатиялық корпус мүшелері қатысты.

Отырысты ашқан Темір Сариев екі бауырлас ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын, мемлекеттік құрылымдардың тиімді өзара іс-қимылын және экономиканың түрлі салаларындағы нақты нәтижелерді жоғары бағалап, мұндай іс-шараларды өткізу бизнес алдындағы өзекті мәселелерді шешу мен инвесторлардың мүдделерін қорғау үшін маңызды алаң ретінде қолдайтынын айтты.

Қазақстан Елшісі Рәпіл Жошыбаев өз сөзінде сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегі туралы айтып, бірқатар ірі бірлескен жобалардың іске асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда: Индустриялық Сауда-Логистикалық Кешен (ИСЛК) құрылысы, шекарадағы бақылау-өткізу бекеттерін жаңғырту, «Алматы – Ыстықкөл» баламалы автожолын салу, Алматы маңында ірі көкөніс қоймасын салу, Таш-Көмүр қаласындағы ферроқорытпа зауыты мен энергетика саласындағы жобалар қозғалды.

Кеңестің негізгі тақырыбы екі ел шекарасындағы «Қарасу – Ақ-Тілек» өткізу бекетіне жақын аумақта ИСЛК салу жобасы болды. Бұл жоба Қазақстан мен Қырғызстанның өндірістік және логистикалық әлеуетін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді.

Кешенді іске асырушы — қазақстандық-британдық Ramsay Holdings KZ компаниясының басқарушы директоры Абзал Мынбаев ИСЛК жобасының даму жоспары, құқықтық реттелуі және оның аумағында өндірістік, көлік-логистикалық және сервистік инфрақұрылым нысандарын орналастыру туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Отырыс барысында қатысушылар бірлескен жобалар бойынша сұрақтар қойып, ҚҚІК алаңының екіжақты экономикалық күн тәртібін талқылаудағы және ұсыныстар әзірлеудегі маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан мен Қырғызстанның бірлескен бастамаларын қолдауға дайын екендіктерін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bishkek/press/news/details/1002063?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version