КЕЛЕС ТӨРІНДЕ БОКСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
КЕЛЕС ТӨРІНДЕ БОКСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ
 
Келес ауданының орталығы Абай ауылында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, Сарыағаш және Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» Нұржан Смановтың жүлдесіне арналған бокстан XXII Халықаралық турнир өз жалауын көтерді.
 
Жарыс 5 күнге жалғасып, 17 мамыр күні мәресіне жетеді. Биылғы турнирге 2011-2012 жылы туылған, 14-15 жас аралығындағы 191 жас спортшы қатысуда. Олар еліміздің әр өңірінен келген мықты боксшылар. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау облысы, сондай-ақ Түркістан облысының Мақтаарал, Төлеби, Қазығұрт, Келес, Жетісай, Шардара аудандары мен Шымкент спорт интернатының жас өрендері өз бақтарын сынайды.
 
Жарыстың ашылу салтанатына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, қатысушылар мен жанкүйерлерге сәттілік тіледі.
 
— Бүгін біз Келес ауданында ғана емес, тұтас елімізге танымал тұлға — Нұржан Смановтың жүлдесіне арналған халықаралық турнирде бас қосып отырмыз. Бұл турнир — жас спортшылар үшін үлкен аренаға бастар алғашқы қадам. Жарыс достық пен татулықтың, әділ бәсекенің алаңына айналсын. Жас спортшыларға жарқын болашақ, ал қазақ спортына жаңа есімдер мен чемпиондар тілейміз, — деді аудан басшысы.
 
Нұржан Сманов есімі — қазақ боксының шоқтығы биік тұлғаларының бірі. Оның есімін ұлықтау, жастарға үлгі ету мақсатында дәстүрге айналған бұл турнир биыл 22-рет ұйымдастырылып отыр. Жылдан жылға қатысушылар саны артып, турнирдің ауқымы кеңейіп келеді.
Бес күнге созылатын жарыстың алғашқы күнінде қатысушылар нағыз ерік-жігер, төзім мен техника үлгісін көрсетті. Рингте жас болса да, болашағынан зор үміт күттіретін дарынды боксшылардың өнері көрермендерді тәнті етті.
 
Турнир барысында қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, әр салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Бұл турнир — тек жеңіс пен жүлде үшін емес, достық пен бауырластықты нығайтатын, спорт арқылы ұлт рухын көтеретін маңызды іс-шара.
 
Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1001174?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version