Кене боррелиозы (бұдан әрі – Лайм ауруы) – спирохеталар тудыратын, кенелер арқылы жұғатын табиғи – ошақты трансмиссивті жұқпалы ауру. Аурудың ерекшелігі – созылмалы және қайталанбалы түрде өтуге бейімділігі, теріні, жүйке жүйесін, тірек – қимыл аппаратын және жүректі зақымдауы.
Кене шаққан жерде қызыл түсті, қышитын, сәл ауырсынатын папула пайда болады. Ол шетіне қарай ұлғая отырып, миграциялық эритемаға айналады. Уақыт өте келе бұл эритема жиегі ашық қызыл, ортасы солғындау 10 – 20 см диаметрлі сақина түрінде болады.
Аурудың жергiлiктi көрiнiстерi жалпы жұқпалы синдроммен: дене қызуы қалтыраумен, бас ауруымен, артралгиямен, сүйектер мен бұлшық еттердiң ауырсынуымен, айқын көрiнетiн әлсiздiкпен қоса жүредi.
Егер дер кезінде ем көрсетілмесе, ауру асқынып, созылмалы түрге ауысуы мүмкін, кей жағдайда мүгедектікке әкелуі ықтимал. Жоғарыда аталған белгілер пайда болған жағдайда, дәрігерге дереу жүгіну қажет.
Кене боррелиозының алдын алу
Лайм ауруынан қорғанудың ең тиімді жолы – кене шағудың алдын алу. Табиғатқа, орманға, саябаққа немесе саяжайға шыққанда мына сақтық шараларын сақтау керек:
– кенелер көзге оңай түсетін ашық түсті және денені толық жабатын киім киіңіз. Шалбардың балағын шұлыққа немесе етікке, киімнің жоғарғы бөлігін шалбарға салып киіңіз. Бас киім немесе капюшон кию ұсынылады;
– орманды жерлерде тек соқпақ жолдармен жүріп, биік шөп пен бұталардан аулақ болыңыз;
– кенелерді үркітетін репелленттерді қолданыңыз;
– киіміңізді, денеңізді және заттарыңызды жиі тексеріп отырыңыз. Үйге келген соң міндетті түрде толық қарап шығыңыз.
Кене шаққан жағдайда:
Егер кене теріге қадалып үлгерсе, оны байқаған бойда, шаққан сәттен бастап 4 тәуліктен кешіктірмей, медициналық көмек алу үшін медициналық ұйымдардың травматологиялық пунктіне жүгіну қажет.
Алматы қаласында кене шаққан жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдар:
- Орталық қалалық клиникалық аурухана – Жандосов көшесі, 6
- Жедел медициналық жәрдем ауруханасы – Қазыбек би көшесі, 96
- №4 қалалық клиникалық аурухана – Папанин көшесі, 220
- №7 қалалық клиникалық аурухана – Қалқаман ықшам ауданы, 40
- Балаларға арналған шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы – Манас көшесі, 40
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/999774?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау