Кене энцефалиті – кенелер арқылы таралатын, қызба, интоксикация, жүйке жүйесінің зақымдануымен жүретін, кейде созылмалы ағымды қабылдайтын вирустық табиғи-ошақты инфекция.
2024 жылдың қорытындысы бойынша және 2025 жылдың 5 айына Жангелдин ауданында кене шаққан адам тіркелген жоқ (2023ж. – 1 адам), емдеу алдын алу мекемелеріне қаралған, олардың ішінен кене энцефалитімен ауырғандар жоқ.
Көктем келісімен далада дем алып, қыдырулар басталады. Сақ болыныздар! Өзіңізді қауіпті жағдайлардан сақтандыруыңыз қажет. Бұл қауіпті жағдай кенелерден болуы мүмкін.
Көзге дұрыс көрінбейтін кенелер шөптердің арасында мекендейді. Олар адам терісіне жабысып, сілекей арқылы кене энцефалитінің қоздырғыштарын жібереді. Қоздырғыш кене тістеген жерден қанға еніп, содан кейін жүйке жүйелеріне таралады. Вирус сол жерде көбейіп, бастағы миға зақым келтіреді.
Сонымен қатар, кене энцефалиті қайнатылмаған сиыр мен ешкі сүті арқылы берілуі мүмкін. Сол себепті сүтті тек кене энцефалитінен ғана емес, басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында қайнатып ішкен абзал.
Инкубациялық кезең, шамамен 7-15 күнді құрайды. Аурудың басталуы жалпы жағдайдың нашарлауынан, дене қызуының көтерілуі мен бас ауруынан басталады.
Кенелердің барлығы ауруға шалдықтыра бермейтінін есте сақтау қажет. Бірақ оларды сыртқы түріне қарап ажырату қиын, сондықтан кез келген кенеден сақтанған абзал.
Кенелер кездесіп қалуы мүмкін жерлерге қыдырған кезде, соған лайықты киінген дұрыс. Жейдеше міндетті түрде шалбарға салынып, киімнің жағасын мойынға тығыз түймелеп қою керек. Шалбардың балағы етікке немесе шұлыққа салынуы қажет. Құлақ пен басты орамалмен орап алған жөн.
Егер денеге жабысқан кенені тапсаңыз, оны абайлап тұмсығын теріде қалдырмай денеден алып тастау керек. Ол үшін теріге жабысқан кенеге пинцетпен немесе мықты жіппен ілмектеп байлап, арлы-берлі жайлап жұлқылап, содан кейін абайлап тартып алу керек. Егер кененің тұмсығы теріде қалып қойса, тікенді алғандай алып тастап, шаққан жерді спиртпен зарарсыздандыру қажет.
Егер байқаусызда кенені езіп жіберген болсаңыз, қолмен ауыз-ерінді ұстамай, сабындап жылы сумен жуыңыз. Денеден алынған кенелерді жерге тастамай, өртеп жіберген дұрыс, себебі жерге тастап оны аяқпен мыжып тастағанмен, олар сыртқы қабығының қалыңдығынан езілмей, тірі қалуы әбден мүмкін. Денесінен кене алынған адамдар екі апта бойы дәрігердің бақылауында болуы қажет.
Кене энцефалитінен сақтанудың бір жолы – вакцина егу. Кене энцефалитіне қарсы егу жұмыстары, кене энцефалиті бар аумақтарда жұмыс істейтін адамдарға жасалады.
Жыл сайын облысымызда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы мен кене энцефалиті ауруларының алдын алу мақсатында елді мекендерден иксод кенелерін жинап, көктемгі барлау жұмыстары жүргізіледі. Жиналған кенелер «Ұлттық сараптама орталығы» Қостанай облысы бойынша филиалының аса қауіпті инфекциялар зертханасында зерттеледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-zhangeldi-audany-akimat/press/news/details/1000415?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау