ТҮРКІСТАН ГАРНИЗОНЫ БАСТЫҒЫНЫҢ КУБОГЫ ҮШІН КІШІ ФУТБОЛДАН АЛҒАШҚЫ ЖАРЫС ӨТТІ
Түркістан гарнизонында алғаш рет гарнизон бастығының кубогы үшін кіші футболдан жарыс өтті. Жарысқа аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері, жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері, Ұлттық ұлан, әскери кафедралар, сондай-ақ Түркістан қаласындағы құқық қорғау, арнаулы және күштік құрылымдардың қызметкерлерінен құралған 11 команда қатысты.
Турнир Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 101 жыл толуына арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылды.
Турнирді гарнизон бастығы, подполковник Талғат Мажімбеков ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Осындай спорттық жарыстардың әскери рухты нығайтуда, дене шынықтыру дайындығын арттыруда және әскери қызметшілер мен күштік құрылым қызметкерлерінің бойында патриоттық сананы күшейтуде маңызды екенін атап өтті.
Тартысты сайыс барысында командалар жоғары дайындық деңгейін, бірлескен әрекет үйлесімділігін және жеңіске деген жігерін көрсетті.
Жарыстың қорытындысымен І орынды Полиция департаментінің командасы жеңіп алса, ІІ орын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің командасына бұйырды. Аумақтық қорғаныс бригадасының командасы ІІІ орынды місе тұтты. Сонымен қатар жекелеген номинациялар бойынша үздік ойыншылар анықталды. «Үздік шабуылдаушы» номинациясын Нұрсұлтан Дарашов (ҰҚК командасы), «Үздік қорғаушы» номинациясын Мардан Жақыпбек (Қорғаныс істері жөніндегі департаменті) иеленсе, Әбділда Бақытжанұлы (Полиция департаменті) «Үздік қақпашы» атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге гарнизон басшылығы атынан кубоктар, дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау