ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК – ҚОЛЖЕТІМДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК – ҚОЛЖЕТІМДІ
⚜️Азаматтардың нақты мәселелері бойынша шешімдер қабылдау үдерістерін жеңілдету, қоғамның мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жүгінулерінің мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында «AMANAT» партиясы «Құқықтық көмек» жобасын белсенді түрде іске асырып келеді. Адам құқықтарының сақталуы мен азамат мүдделерінің қорғалуын арқау еткен жоба аясындағы кезекті қоғамдық қабылдау алаңын «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Түркістан қаласындағы халық ең көп келетін орындардың бірі – «KHANSHAYM-PLAZA» сауда және ойын-сауық орталығында ашып, азаматтардың құқықтық мәселелерге қатысты сауалдарын тыңдауға жағдай жасалды.
«Құқықтық көмек» партиялық жобасы шын мәнінде Мемлекет басшысы айтқан әділдік пен заңның үстемдік құруына қызмет ететін бастама екенін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев түсіндіріп өтті.
📈«-Кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі саналатын «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтық болмысын қалыптастыру ісімен, заңды ең басты құндылық ретінде ілгерілетумен орнығады. Азаматтардың құқықтық сауатын ашып, оларға сапалы заңгерлік көмек көрсетуде партиямыз «Құқықтық көмек» жобасын іске асырып келеді. Бұған дейін облыс тұрғындары қандай да бір мәселелерін шешу үшін лауазымды тұлғалар мен заңгерлердің қабылдауларына алдын-ала жазылып, уақытын жоғалтып, күтетін еді.
Аталған жоба жүзеге асырылғаннан бері біз заңгер, адвокат, медиаторларды, құқық қорғау және жергілікті атқарушы орган басшыларын жинап, облысымыздың шалғай ауылдарына барып, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге жәрдем берудеміз», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Партияның Түркістан облыстық филиалы шалғай елді мекендерде жыл басынан бері 143 қоғамдық қабылдау өткізіп, 1900-ға жуық азаматтың арыз-өтініштерін бақылауға алған. Олардың 983-і немесе барлық өтініштердің 53 пайызы оң шешілген. «Құқықтық көмек» жобасы аясында 36 қабылдау өтіп, 321 азаматтың мәселесі қаралған, оның 60,4 пайызы немесе азаматтар білдірген 194 өтініш оң шешімдерін тапқан. Сондай-ақ партияның 17 аумақтық филиалдарының қабылдау бөлмелері 6,5 мыңнан астам арыз-өтініштерді қарастырса,
оның 61 пайызы немесе 3974 өтініш оң шешілген, 2493 өтініш бойынша көтерілген мәселелердің құқықтық реттеу тетіктері түсіндірілген.
📍Тұрғындарға құқықтық тұрғыда кәсіби көмек көрсетіп, олардың заңгерлік консультациялар алуына мүмкіндік жасауда партия ашып берген алаңда Түркістан облыстық полиция, облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Түркістан облыстық филиалының, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының басшылары мен жауапты қызметкерлері, заңгерлер, адвокаттар, медиаторлар, жеке сот орындаушылар, нотариустер қабылдау жүргізіп, азаматтардың құқықтық талап-тілектерін тыңдады.
Қоғаммен кері байланыс арнасын түзу, тең диалог жүргізу, шешімдерді бірлесіп іздеу сипатында өткен кездесуде азаматтар еңбек құқықтарының сақталуы, алимент өндіру, тұтынушы ретінде заңды мүдделерінің қорғалуы, қаржылық ұйымдармен жасалған несие келісімшарттарын қайта қарау мүмкіндіктері, тұрмыстық дауларды медиативтік әдістермен шешу мәселелерін көтеріп, кәсіби заңгерлік кеңестер алды. Сондай-ақ кездесуде сәулет, еңбек, тұрғын үй қатынастары, денсаулық сақтау салалары бойынша заң нормалары түсіндіріліп, азаматтарға осы салаларға қатысты сауалдар бойынша жауаптар берілді.
💬Қабылдауға келген барлық азаматтардың сұраныстары тіркеуге алынып, олардың нақты шешу жолдарын белгілеуде партияның облыстық филиалы азаматтармен кері байланыста болады. Қабылдауға келгендерге құқықтық көмек көрсету бойынша әдістемелік нұсқаулық таратылды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkistan-enbek/press/news/details/1002563?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version