Эндоскопиялық аз инвазивті хирургия бойынша үш күндік шеберлік сыныбы қорытындылануда

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында өткен эндоскопиялық аз инвазивті хирургия бойынша үш күндік шеберлік сыныбының қорытынды кезеңінде қалқанша бездің асқынған түрдегі қатерлі түзілімдері бар пациенттерге екі операция жасалды.
Бұл араласулардың ерекшелігі – заманауи аз инвазивті эндоскопиялық әдістің қолданылуында болды.
Қалқанша безге жасалатын эндоскопиялық операция – жоғары технологиялы әрі күрделі хирургиялық араласу болып саналады. Ол хирургтен жоғары кәсібилікті, дәлдікті және мол тәжірибені талап етеді. Біздің Орталықтың мамандары заманауи әдістемелер мен құрал-жабдықтарды сенімді әрі шебер пайдалана отырып, тіндердің зақымдануын барынша азайтуға және пациенттің тез қалпына келуіне қол жеткізді.
Операциялар жалпы наркозбен, Innocon ультрадыбыстық скальпелі арқылы жүргізілді. Бұл әдіс ота кезіндегі қан жоғалтуды едәуір азайтып, операциядан кейінгі жараның тез жазылуына ықпал етті.
Эндоскопиялық құрал-жабдықтың көмегімен операция барысында көру аймағы 16 есеге дейін ұлғайып, хирургке қалқанша безді және оның маңындағы анатомиялық құрылымдарды — қалқанша маңы бездерін, кеңірдекті, қайталама көмей жүйке талшықтарын — нақты әрі дәл ажыратуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде асқыну қаупін барынша төмендетті.
Шеберлік сыныбының барлық бағыттары бойынша кеңейтілген оқыту шарасын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Орталықтың бас дәрігері Жандос Сейдахметовке, хирургиялық қызмет жетекшісі Ерасыл Араповқа, сондай-ақ Ақтау қалалық онкологиялық орталығының онкохирургі Мұхамеджан Нұрғазиевке ерекше алғыс білдіріледі.
Шараға облыстың әр өңірінен келген дәрігерлер қатысты. Олар бұл шеберлік сыныбының жоғары практикалық маңызын, тікелей тәжірибе алмасу, сұрақтар қою және білікті мамандардан нақты жауап алу мүмкіндігін ерекше атап өтті. Мұндай оқыту шаралары өңірлік медицинаның дамуына және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға елеулі үлес қосады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1008043?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version