Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Жеті Жарғы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Saraishyq Quest» зияткерлік ойыны өтті. Сайысқа 14-35 жас аралығындағы жастардан құралған 10 команда қатысты. Әр команда 5 адамнан жасақталып, өзара білім мен ептіліктерін сарапқа салды.
Өңір жастарына арналған интеллектуалды жоба аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты – тарихи танымын арттырып, патриоттық рухты қалыптастыру және зияткерлік қабілеттерін дамыту. Сонымен қатар, ойын командалық жұмысқа бейімдей отырып, тарихи-мәдени ескерткіштерге деген қызығушылықты ояту көзделді.
Квест ойыны «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аумағында өтті. Қатысушылар арнайы белгіленген орындарға барып, Сарайшық қаласы мен Алтын Орда тарихына қатысты сұрақтарға жауап беру арқылы тапсырмаларды орындады. Интеллектуалды жарыс барысында қатысушылар тарихи танымын тереңдетіп, командалық жұмыс пен шапшаңдықтарын сынға салды.
Нәтижесінде, I орынды «Фирдаус» командасы иеленіп, 150 000 теңге қаржылай сыйақымен марапатталды. II орын мен 100 000 теңгені «BasTime» командасы, ал III орын, 50 000 теңгені «Өзіміз ғой» командасы қанжығалады. Сонымен қатар, барлық қатысушы командаларға алғыс хаттар табысталды
Мұндай іс-шаралар өңір жастарының тарихқа қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/1009635?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау