1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №28 мекемесінің қызметкерлері көру қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатына арнайы барды.
Бұл күні қызметкерлер балаларға сыйлықтармен ғана емес, жүрек жылуымен де келді. Қонақтарды мектеп ұжымы мен тәрбиеленушілер қуана қарсы алды. Балалар меймандармен еркін тілдесіп, өз сезімдерімен бөлісті.
Мекеме қызметкерлері балаларды мерекемен құттықтап, пайдалы да ерекше сыйлықтар тарту етті: көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы шахмат пен дойбы, Брайль әліпбиі мен грифельдер, сондай-ақ үміт пен алға ұмтылудың белгісі ретінде кеме үлгісі табыс етілді.
Балалар сыйлықтарды үлкен қуанышпен қабылдады. Әсіресе арнайы тактильдік шахмат пен дойбыға қызығушылық танытып, фигураларды сипап көріп, бірден ойынды бастады.
— Әрбір бала ересектердің қолдауын, мейірімін және қамқорлығын сезінуі тиіс. Біз үшін бұл — үлкен жауапкершілік. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балаларға жанымызбен жақын болуға тырысамыз, — деді мекеме бастығының орынбасары Мейрамбек Дәулетов.
Балалар қонақтарға шынайы күлкі, алғыс сөздер мен жылы көңіл-күй сыйлады. Бұл кездесу — мейірім мен қамқорлықтың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте еске салды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duis-uralsk/press/news/details/1009611?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау