1 маусым күні Ақтөбе облысында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған ауқымды әрі жарқын мерекелік іс-шаралар өтті. Іс-шараларды Ақтөбе облысының білім басқармасы ұйымдастырды. Негізгі мерекелік бағдарлама Қазақ халқына алғыс стеласы маңында өтті. Бұл орын құрметтің, бірліктің және шабыттың символына айналып, басты мерекелік алаңға айналды. Сонымен қатар, қалада тағы бес түрлі алаңда мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
Мерекелік жиында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, балаларды мерекемен құттықтап, оларға зор денсаулық, бақытты балалық шақ пен шығармашылық табыс тіледі. Өңір басшысы балалардың қабілетін ашуға және жан-жақты дамуына жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды.
Мерекеге 10 мыңнан астам бала қатысты. Іс-шаралар аясында шеберлік сабақтары, көрмелер, байқаулар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Жас ақтөбеліктер бейнелеу өнері, қолданбалы шығармашылық пен ғылыми зерттеулер салаларында өз таланттарын паш етті.
Көпшіліктің назарын ғылыми жобалар көрмесі аудартты. Бұл көрмеде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпазы атанған 30 оқушы өздерінің зерттеу жұмыстары мен жаңашыл идеяларын ұсынды. Облыс әкімі Асхат Шахаров жас зерттеушілердің жобаларын жоғары бағалап, мұндай бастамаларды қолдаудың өңірдің дамуы үшін маңызды екенін атап өтті
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1010207?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау