Тараз қаласында өткен ара шаруашылығы форумына еліміздің Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарынан келген мамандардар қатысты. Шара барысында омарта өнімділігін арттыру, саланы дамыту және қазақстандық балды шетелдік нарықтарға ілгерілету мәселелері талқыланды.
Форум жұмысына омарташылармен қатар, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қатысты. Олар саланы жаңғырту жолдарын, жаңа технологияларды енгізу және саланың өзекті проблемаларын ортаға салды.
– Біз омарташылардың еңбегін алдағы уақытта да қолдауға ниеттіміз. 2025–2027 жылдарға арналған жол картасы қабылданып, жұмыс тобы құрылды. Үш жыл ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарына 564 миллион теңге көлемінде гранттар бөлу көзделген. Сонымен қатар, Мәжілісте омарташылықты дамыту туралы заң жобасы дайындалып жатыр, ол экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуді қарастырады, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Ерлан Ильясов.
Форум аясында жергілікті бал аралары популяциясын зерттеу жайы да көтерілді. Ғылыми жұмыстың мақсаты – аймақтың климаттық жағдайына бейімделген, тұрақты өнім беретін отандық бал арасы тұқымын сақтау және көбейту.
– 2000 жылдардың басында шетелдік ғалымдардың экспедициясы кезінде Жамбыл облысындағы Қарақоңыз шатқалында қазақ бал арасының ерекше бір түрі анықталды. Қазіргі таңда сол тұқымды сақтау бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына, әкімдікке қолдау көрсету туралы өтініш білдірдік. Қазақстандық ғалымдар тобы жүргізген генетикалық зерттеулер бұл тұқымның қазіргі омарталарда қолданылып жүрген аралардан өзгеше екенін растады, – деді салалық кеңес төрағасы Олег Крупский.
Форумда бал сапасының стандарттары мен экспорттық әлеуеті, сондай-ақ, кәсіби кадрлар дайындау мәселесі де көтерілді. Алматылық арашы Алишер Сейтен Польшадағы Люблин қаласында білім алып, бір жыл тәжірибе жинағанын және қазіргі таңда сол тәжірибені Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында қолдана бастағанын айтты.
Шара аясында ара өнімдерінің шағын жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Форум соңында қатысушылар өзара ынтымақтастық орнатып, ара шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру үшін күш біріктіру қажеттігін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1010225?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау