Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова «Түркістан халықаралық әуежай» АҚ-да болып, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерсейт Бұхарбаевпен және «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ директорының орынбасары Айбек Кетебаевпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын санитарлық қорғаудың, санитариялық-карантиндік пунктті жарақтандырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Кездесу Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері – Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Ұлттық сараптама орталығы басшыларының қатысуымен өтті.
Е. Бұхарбаев Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерді Түркістан қаласының халықаралық әуежайынан жүзеге асырылатын қолданыстағы халықаралық бағыттармен, халықаралық стандарттар мен озық тәжірибелерге сәйкес инфрақұрылымды одан әрі дамыту, жаңғырту жоспарымен таныстырды.
Сондай-ақ, С. Бейсенова әуежайдың санитариялық-карантиндік пунктіне барып, санитариялық-карантиндік пункттің үй-жайларын жарақтандыруға және Қазақстан Республикасы мен Кеден одағы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне қатысты мәселелерге ерекше назар аударды. Санитариялық-карантиндік пункт мамандары халықаралық ұшып келу аймағында орналасқан стационарлық тепловизорлардың жұмысын көрнекі түрде көрсетті.
Кездесу соңында С. Бейсенова Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Түркістан қаласының халықаралық әуежайымен сындарлы өзара іс-қимылы халықаралық маңызы бар ауруларды әкелу жағдайларының алдын алуға, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралардың тиімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-na-transporte/press/news/details/1010569?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау